Абай облысында Мемлекет басшысының 2024–2028 жылдары ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Мүбәрәкұлы мәлімдеді.
2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 104,8%-ды құрады. Мал шаруашылығында да өсім бар. Жеті айда ет өндірісі 75,8 мың тоннаға, сүт өндірісі 186 мың тоннаға жетті. Ірі қара саны 898,8 мың басқа, ұсақ мал 1,5 млн басқа, жылқы 482,5 мың басқа, құс саны 1,79 млн басқа жетті.
– Ет өндірісі мен экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында соңғы екі жылда екі бордақылау алаңының қуаттылығы кеңейтілді. Жаңасемей ауданында 5 мың басқа арналған жаңа алаңның құрылысы басталды. Қой шаруашылығын дамыту бойынша 2026–2030 жылдарға арналған бағдарлама аясында 300 мың бас асыл тұқымды аналық қой сатып алу және 18 мың басқа арналған үш бордақылау алаңын құру жоспарлануда. Нәтижесінде қой санын 2,2 млн басқа, асыл тұқымды мал үлесін 40%-ға жеткізу көзделген, – деді басқарма басшысы.
«Игілік» және «Береке» бағдарламалары бойынша жалпы құны 15 млрд теңге болатын 19 жоба қалыптастырылып, 7 180 бас асыл тұқымды ірі қара мен 5 мың бас ұсақ мал импорттау жоспарлануда. «Жайлау» бағдарламасы бойынша 5,2 млрд теңгеге 18 жоба пысықталуда.
Егін жинау науқаны да жалғасуда.
– «Кең дала» бағдарламасы бойынша 205 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 14,1 млрд теңге несие берілді. Биыл 700 бірлік техника сатып алу жоспарланса, бүгінге дейін 376 бірлік техника алынды. Техника паркінің жаңару деңгейі 4,2%-ды құрады, – деді Ертай Мүбәрәкұлы.
Өңірде ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға да басымдық берілуде. 2029 жылға дейін болатын 19 жоба жүзеге асырылмақ. Биылғы алты жоба аясында 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Олардың қатарында жылына 11,4 мың тонна ет өңдейтін «Eurasia Agro Semey» кешені және жылына 72 мың тонна тазартылған күнбағыс майын өндіретін «Qazaq Astyq Group» желісі бар. Сондай-ақ 4 млрд теңгеге «Агролидер KAZ» зауыты іске қосылды.
Семей қаласында 1 200 басқа арналған сүтті-тауарлы ферма және жылына 36 мың тонна өнім өндіретін «Ertis Onimderi» сүт зауытын іске қосу жоспарлануда. «Калиқанұлы» шаруа қожалығының сүт өңдеу зауытының қуаты тәулігіне 15 тоннадан 55 тоннаға дейін арттырылмақ.

























