Ұлттық ұланның  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінің 150-ден астам мерзімді әскери қызметшісі оқу-жаттығу полигонында бес күн бойы жауынгерлік даярлықтарын шыңдады. Далалық жағдайда өткен оқу-жаттығулар барысында сарбаздар теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, бөлімше құрамында үйлесімді әрекет ету дағдыларын жетілдірді.

Әрбір тапсырма сарбаздардың тек кәсіби білімін емес, шұғыл шешім қабылдау, қырағылық, сабырлылық пен салқынқандылық қасиеттерін де шыңдауға бағытталды. Далалық оқу-жаттығуды тиімді ұйымдастыру үшін полигонда қажетті инфрақұрылым алдын ала әзірленді. Атап айтқанда, күзет қызметін ұйымдастыруға арналған қарауыл орны, медициналық пункт, кинологиялық қалашық және автопарк жабдықталды. Бұл әскери қызметшілердің оқу-жаттығу барысында түрлі бағыттағы міндеттерді кешенді түрде пысықтауына мүмкіндік берді.

Жауынгерлік атыстар кезінде сарбаздар бұрын алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітіп, жаңа дағдыларды меңгереді. Мұнда адамның білімімен қатар қырағылық, сабырлылық және салқынқандылық сияқты қасиеттердің маңызы зор. Алған білімді нақты жағдайда қолдану – әскери қызметшілер үшін үлкен тәжірибе. Осындай оқу-жаттығулар сарбаздардың өз күшіне деген сенімін арттырып, бөлімше құрамында бірлесіп әрекет ету қабілетін жетілдіреді, – дейді 5511 әскери бөлім командирінің орынбасары, полковник Аманжол Айтенов.

Бес күнге созылған дала жиыны барысында сарбаздар күн сайын белгіленген оқу-жаттығу тапсырмаларын орындап, жауынгерлік даярлық деңгейлерін арттырды. Дала жағдайының ерекшелігі әскери қызметшілерден физикалық төзімділікті ғана емес, тәртіптілікті, өзара қолдауды және жоғары ұйымшылдықты талап етті. Оқу-жаттығудың әр кезеңінде сарбаздар өздеріне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап, алған теориялық білімдерін іс жүзінде қолданудың маңыздылығына көз жеткізді.

Әскери даярлықпен қатар, жеке құрамның демалысын тиімді ұйымдастыруға да көңіл бөлінді. Күн соңында сарбаздарға ашық аспан астында кино көрсетіліп, бұл олардың тынығып, келесі күнгі тапсырмаларға тыңғылықты дайындалуына мүмкіндік берді.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі