«Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрғындар қоршаған ортаға және абаттандыруға қатысты мәселелерді @TazaQazBot Telegram-чат-боты арқылы мемлекеттік органдарға жолдай алады.
Цифрлық сервис 2024 жылғы маусымда іске қосылды. Бүгінде ол тұрғындардың өтініштерін тиісті қызметтерге жедел жеткізуге мүмкіндік беретін қолайлы құралдардың біріне айналды.
Чат-бот арқылы өтініш жіберу үшін Telegram-да авторизациядан өтіп, анықталған мәселенің фотосын тіркеу, мекенжайын көрсету және жағдайды қысқаша сипаттау қажет. Одан кейін өтініш автоматты түрде жауапты қызметтердің қарауына жіберіледі.
Пайдаланушы өтініштің орындалу барысын да бақылай алады. Оның мәртебесі әр кезеңде көрсетіледі. Мәселе шешілгеннен кейін атқарылған жұмыс бойынша фотоесеп ұсынылып, тұрғын оның сапасын бағалай алады.
Өтініштер 21 санат бойынша қабылданады. Олардың ішінде аумақтарды тазалау, қоқыс шығару, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, көгалдандыру, су айдындарын тазалау және басқа да мәселелер бар.
Жыл басынан бері @TazaQazBot платформасына 586 өтініш түскен. Оның 518-і орындалды, 25 өтініш бойынша жұмыс жалғасып жатыр, 43 өтініш кері қайтарылды. Өтініштердің орындалу сапасы бойынша облыстардың орташа рейтингі 4 балды құрады.
Қоршаған ортаға немесе абаттандыруға қатысты мәселені байқасаңыз, @TazaQazBot арқылы хабарлап, өз қалаңыздың тазалығы мен көркеюіне үлес қоса аласыз.


























