Абай облысында биыл жол және көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары ауқымды түрде жалғасуда. Жөндеу жұмыстары облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды, елді мекендердің көшелерін, ірі автомобиль жолдары мен көлік инфрақұрылымы нысандарын қамтиды. Облыстың әкімшілік орталығы – Семей қаласындағы жолдарға да ерекше көңіл бөлінуде. Мұнда автомобиль көпірінің құрылысы және оған апаратын көшелерді жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның, Ұлттық жол активтері сапасы орталығының және Семей қаласының ЖТжАЖ бөлімінің өкілдері мәлімдеді.

Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырханның айтуынша, 2026 жылы өңірде облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды дамыту бойынша 39 жоба жүзеге асырылуда. Оның 34-і орташа жөндеуді, тағы 5 жоба инженерлік инфрақұрылымды қайта жаңғыртуды көздейді.

– Биыл облыстық маңызы бар жолдардың 3 учаскесінде жалпы ұзындығы 41 шақырым болатын орташа жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар аудандық маңызы бар жолдардың 10 учаскесінде 101,4 шақырым жол жөнделуде. Бұдан бөлек, 20 елді мекендегі 80 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың жалпы ұзындығы 80,2 шақырымды құрайды, – деді Мерей Байырхан.

Спикердің айтуынша, биылғы жоспарға жолдарды қысқы кезеңге дайындау жұмыстары да енгізілген.

– Қысқы кезең басталғанға дейін қар тоқтататын жабдықтар қалпына келтіріліп, орнатылады. Сонымен қатар көктайғаққа қарсы қолданылатын инертті материалдар дайындалады. Негізгі міндет – жоспарланған жобаларды белгіленген мерзімде аяқтап, техникалық және нормативтік талаптарға сәйкес келетін облыстық жолдардың үлесін 89%-дан 90%-ға дейін жеткізу, – деп атап өтті Мерей Байырхан.

Семей қаласында да ірі жоба жүзеге асырылуда. Автомобиль көпірінің құрылысы 85%-ға орындалған. Көпірдің жоғарғы металл аралық құрылысы толық орнатылды. Сонымен қатар көпірге апаратын Шәкәрім және Тәңірбергенов көшелерінің учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Көпірдегі жұмыстарды қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін көлік қозғалысын қамтамасыз етеміз деп отырмыз, – деді басқарма басшысы.

Республикалық маңызы бар жолдар желісінде 4 бағыт бойынша 8 нысанда жұмыстар жалғасуда. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Абай облыстық филиалының директоры Айбек Ануарбековтің айтуынша, олардың бір учаскесі пайдалануға берілген.

– «Өскемен – Семей» автожолының 147–198 шақырым аралығындағы учаскесі пайдалануға берілді. Екінші нысанның құрамына кіретін 103–105 және 127–147 шақырым учаскелерінде жұмыстар жалғасуда. Оларды қараша айында аяқтау жоспарланған, – деді Айбек Ануарбеков.

«Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз» бағыты бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. 2023 жылдан бері бұл бағытта 92 шақырым жол жөнделді. Биыл жалпы ұзындығы 66 шақырым болатын 3 нысанды аяқтау жоспарланған.

– Қазіргі уақытта үш нысанда жұмыстар аяқталу кезеңінде. Сонымен қатар 2026–2027 жылдарға тағы 52 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ ауыр жүк көліктерін автоматты өлшейтін 2 пункт орнату қарастырылған, – деді «ҚазАвтоЖол» филиалының директоры.

«Семей – РФ шекарасы» автожолында жалпы ұзындығы 66,8 шақырым болатын 3 нысанда жөндеу жүргізілуде. Асфальт-бетон жабындысын төсеу жұмыстары 95%-ға орындалды. Жұмыстарды қазан-қараша айларында аяқтау жоспарланған.

Тағы бір учаске «Омбы – Майқапшағай» ақылы автожолының Семей мен Қалбатау арасындағы бөлігінде жөнделуде. Мұнда биыл 20 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу көзделген.

Жол жұмыстарының сапасын Ұлттық жол активтері сапасы орталығының филиалы бақылауда ұстайды. Жыл басынан бері мамандар жол және көше инфрақұрылымының 47 нысанына 442 рет барып, бақылау жұмыстарын жүргізген.

– Жұмыс жүргізіліп жатқан барлық нысан сапа сараптамасымен қамтылған. Оның ішінде республикалық маңызы бар 9 нысан, облыстық маңызы бар 3 нысан, аудандық маңызы бар 9 нысан және көше-жол желісінің 26 жобасы бар, – деді филиал директоры Мейіржан Бауыржанұлы.

Өзгерістер тек жолдарға ғана қатысты емес. 2025 жылы Семей мен облыс аудандары арасында 5 тұрақты әлеуметтік маңызы бар автобус бағыты іске қосылған болатын. Биыл тағы 4 бағыт – Көкпекті, Қайнар, Шүлбі және Бесқарағай бағыттары қосылды.

– Қосымша бағыттар іске қосылғаннан кейін облыстың барлық аудандары облыс орталығымен тұрақты автобус қатынасына ие болды. Жыл басынан бері 9 әлеуметтік маңызы бар бағыт бойынша 13 мыңға жуық жолаушы тасымалданды, – деді Мерей Байырхан.

Өңірдің әуе қатынасында Семей және Үржар әуежайлары жұмыс істейді. Жыл басынан бері олардың қызметін 215 мыңға жуық жолаушы пайдаланған.

Сонымен қатар Үржар әуежайында қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жолаушылар терминалы жаңартылып, диспетчерлік мұнара мен авариялық-құтқару станциясы салынуда. Арнайы техникаға арналған нысандар мен инженерлік инфрақұрылым да қайта жаңғыртылуда. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Теміржол вокзалдары да жаңартылуда. Абай облысында 10 нысан қайта жаңғыртылуда. Оның 7-еуінде жұмыс толық аяқталды. Семей, Аягөз және Ақтоғай вокзалдарында жұмыстар жалғасып жатыр. Оларды 2026 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарланған.

Семей қаласының өзінде жол желісінің ұзындығы 750 шақырымнан асады. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Увасиловтың айтуынша, соңғы жылдары асфальт төселген көшелердің үлесі айтарлықтай артқан.

– 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша қала көшелерінің шамамен 50%-ы асфальтталған. Бір жылдың ішінде барлық жолды толық ретке келтіру мүмкін емес, алайда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Абай, Жангелдин, Мичурин және Сеченов сияқты ірі көшелер жөнделді немесе орташа жөндеу жұмыстары қамтылды, – деді Әділбек Увасилов.

Оның айтуынша, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, Қаржаубайұлы және Бозтаев көшелеріне жаңа бағдаршамдар орнатылуда. Алдағы уақытта қалада бағдаршамдарды басқарудың автоматтандырылған жүйесіне көшу жоспарланып отыр.