Мыңдаған шақырымды еңсеретін әр жүктің артында адам, оның кәсібилігі мен күнделікті еңбегі тұр. Мұнда әр кезең маңызды: көліктің техникалық дайындығынан бастап, жүктің белгіленген мерзімде жеткізілуі мен қауіпсіздік талаптарының сақталуына дейін. Еңбек күні қарсаңында «Әділет» партиясы Семей қаласында «KZ Логистика» ЖШС ұжымымен кездесіп, жолды кәсіпке, ал жауапкершілікті күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналдырған еңбек адамдарының еңбегі туралы әңгімелесті.
2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компанияда 70-ке жуық адам еңбек етеді. Ұжым Қытай – Қазақстан, Қытай – Ресей және Қытай – Орталық Азия бағыттарында, сондай-ақ еліміздің ішкі нарығында жүк тасымалын жүзеге асырады. Жыл сайын 1500-ден астам халықаралық тасымал орындалады. Компания сондай-ақ «Еуразияның үздік халықаралық автотасымалдаушысы – 2026» байқауының жеңімпазы атанды.
Компания директоры, «Алмас Компани» ЖШС құрылтайшысы Алмас Нұрғалиев кәсіпкерлік, логистика және халықаралық жүк тасымалы саласында тәжірибесі бар білікті заңгер өз кәсібінің жауапкершілігі туралы айтты.
«Бұл салада жолдың әр шақырымының өз есебі бар. Бір жердегі кідіріс тұтас жеткізу тізбегіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан біз клиенттің жүгін ғана емес, оның уақытын мен сенімін де жауапкершілікке аламыз. Бұл – әр қызметкердің өз ісіне мұқият қарауын талап етеді», – деді компания директоры.
Өз кезегінде «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының басшысы Айдар Ибраев еңбек адамдарының белсенділігін атап өтіп, партия жұмысына араласуға және партия қатарына қосылуға ниетті азаматтарды белсенді болуға шақырды.
«Бүгін біз жолдағы еңбектің сырт көзге көрінбейтін қырларын көрдік. Бір рейстің артында жүргізушіден бөлек, техникалық маман, диспетчер, кеден қызметкері және басқа да көптеген адамның еңбегі бар. Осындай жауапкершілік пен кәсібилікпен қатар, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы да маңызды. Партияның жұмысына үлес қосып, ортақ бастамаларды қолдаймын деген азаматтарға әрдайым ашықпыз», – деді Айдар Ибраев.
Компания тасымалмен қатар кедендік рәсімдеу, TIR кітапшаларын рәсімдеу және транзиттік жүктерді сүйемелдеу қызметтерін де атқарады. Қауіпті, негабаритті, ауыр салмақты және жобалық жүктермен жұмыс істеуге қажетті рұқсаттары бар. Кездесуге облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Рафаиль Хазипов, Семей қалалық мәслихатының депутаты Шолпан Мулдағалиева және серіктес ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында «BIG 7» ЖШС, «PROFESSIONALTECHNICALSOLUTIONS» ЖК, «FloorExpert» ЖШС және «EurasiaAgroSemey» ЖШС бар.
«Әділет» партиясының ұстанымындағы еңбекқорлық пен жауапкершілік – күнделікті нақты іспен көрінетін құндылықтар. Еңбек күні қарсаңындағы кездесу осыны тағы бір мәрте көрсетті: елдің алға жылжуы үлкен сөздерден емес, өз ісін адал атқаратын адамдардың еңбегінен басталады.


























