Атом энергетикасы – тек электр өндіру емес. Ол энергетикалық қауіпсіздік, ғылым мен технология, жаңа өндіріс, кадр даярлау мен халықаралық әріптестікті қамтитын ұзақмерзімді бағыт.

Осы саланы дамытуға жауапты Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетовпен атом саласының қазіргі жағдайы, алғашқы АЭС жобасы, технологиялық даму мен халықаралық ынтымақтастық жөнінде әңгімелескен едік.

– Әсет Кеңесбекұлы елімізде Атом энергиясы жөніндегі агент¬тік  құрудың негізгі мақсаты қандай?

– Агенттіктің құрылуы атом саласын мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңін бастады. Президентке тікелей бағынышты Агенттік атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саясатын іске асырады, уран өнеркәсібін, ядролық отын циклі мен ядролық ғылымды дамытуға, атом энергетикасын үйлестіруге жауап береді. Басты қағидат – қауіпсіздік. Радиоактивті қалдықтар мен пайдаланылған ядролық отынды басқару, ядролық материалдарды есепке алу, халық­аралық міндеттемелерді орындау мен мемлекеттік реттеуді жетілдіру де осы міндеттер қатарына жатады. Атом саласының ұзақмерзімді басым­дықтары 2050 жылға дейінгі Стратегияда айқындалған. Құжат атом энергетикасымен бірге ядролық ғылымды, өндірісті, жаңа технология­ларды, кадр даярлауды, қауіпсіздік пен халықаралық ынтымақтастықты қамтиды.

– Елімізге атом электр стансасы неге қажет?

– Электр энергиясына сұраныс өсіп келеді. Энергетикалық инфрақұры­лымның бір бөлігі ескірді. Сондықтан жаңа әрі тұрақты генерация көздері қажет. Атом энергетикасы ауа райы­на тәуелсіз базалық электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өнеркәсіп, көлік, инфрақұрылым, цифр­ландыру мен жаңа өндіріс­терге сенімді энергетикалық негіз қалыптастырады. Еліміз 2060 жылға қарай көмір­тегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Осы тұрғыдан атом энергетикасы – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. АЭС-ті тек электр өндіретін нысан ретінде қарауға болмайды. Оның айналасында инженерлік құзырет, жаңа өндіріс, ғылыми зерттеу, кадр даярлау мен технологиялық кооперация қалыптасуға тиіс.

– Алғашқы АЭС жобасын іске асыруда қандай жұмыстар атқарылды?

– Үкімет қаулысымен Алматы облысы­ның Жамбыл ауданындағы Балқаш көлі маңындағы аумақ алғаш­қы АЭС-ті орналастыру ауданы ретінде белгіленді. Белгіленген аумақ­та инженерлік-іздестіру мен алаң­ды таңдау жұмыстары жүргізілді. Қазақстан мен Ресей арасында ал­ғашқы АЭС құрылысы бойынша үкі­мет­аралық келісімдер­ге қол қойылып, жобаның негіз­гі қағидаттары айқындалды. Жоба­ны іске асыратын халықара­лық консорциумға «Росатом» жетекшілік етеді. АЭС III+ буын­ды екі VVER-1200 энергоблогынан тұрып, жалпы қуаты 2 400 МВт болады. Қазір негізгі міндет – қабылданған шешім­дерді іске асыру. Ол үшін үйлестіру тетіктерін қалып­тас­тыру, келісімшарттық, қаржы­лық мәселелерді пысықтау, қажетті инфра­құрылымды уақты­лы дайындау қажет.

– АЭС құрылысы еліміздің технологиялық және адам капиталына қалай әсер етеді?

– Мұндай ірі жоба көпте­ген салаға жаңа сұраныс қалыптас­тырады. Құры­лыс, машина жасау, энергетикалық жабдық, автоматтандыру, цифрлық техноло­гия, материалтану бағыттарын­да жаңа құзы­реттер қажет болады. Отандық кә­сіп­орындардың қатысуын кеңейту, өн­дірісті оқшаулау мен технология трансферін қамтамасыз ету арқылы ин­женерлік, өндірістік әлеуетті арттыруға болады. Атом энергетикасына инженер, физик, энергетик, технолог, цифрлық технология маманы, құрылысшы, радиациялық және ядролық қауіпсіздік сарапшысы қажет. Сондықтан атом саласын дамыту – ең алдымен адам капиталын дамыту. Ұлттық ядролық орта­лық, Ядролық физика институты мен жоғары оқу орындарының бұл үде­ріс­тегі рөлі арта түседі. Бола­шақ­та еліміз дайын технологияны пай­­­да­ланушы ғана емес, өзінің ғы­лыми және инженерлік құзыре­тін қалып­тастыратын ел болуы маңызды.

– Халықаралық әріптестіктің маңызы қандай?

– Атом энергетикасын қауіпсіз әрі тиімді дамыту халықаралық тәжі­ри­беге сүйенуді талап етеді. Осы бағытта Ресей, Қытай, АҚШ, Корея, Финляндия мен Жапо­ния секілді атом саласын­дағы елдер­дің мемлекеттік органдары­мен, ком­панияларымен, ғылыми ұйым­дарымен ынтымақтастық жолға қойылған. Бұл байланыстар азаматтық атом энергетикасын, ядролық және радиа­циялық қауіпсіздікті, ғылыми зерт­теулерді, технологияны әрі кадр ­даярлауды қамтиды. Біздің ұстаным – халықаралық әріптестікті технология немесе жабдық алумен шектемеу. Бірлескен зерттеу, тәжірибе алмасу, маман даярлау мен ұлттық құзырет қалыптастыру маңызды. АЭХА-мен ынтымақтастықтың да орны ерекше. Қазір агенттікпен 6 ұлттық, 40 өңірлік және 7 өңіраралық тех­ни­калық ынтымақтастық жобасы іске асырылып жатыр. Маман даярлау мен біліктілікті арттыру бағдарламаларына қатысуда. Халықаралық бақылау да жалғасып келеді. Былтыр еліміздің атом саласы нысандарында АЭХА-ның 19 инс­пекциясы өткізілді. Қорытындысында бұзушылықтар анықталған жоқ.

– Атом энергетикасының қауіпсіз­дігіне қатысты қоғам алаң­дайтын мәселелерге көзқарасыңыз қандай?

– Ядролық және радиациялық қауіпсіздік – жұмысымыздың абсолютті басымдығы. Фукусима-Дайити апаты секілді оқиғалар қауіпсіздік талаптарын үнемі жетілдірудің маңызын көрсетті. Қауіпсіздік тек технологиямен шектелмейді. Ол тиімді мем­лекеттік реттеуді, тәуелсіз бақы­лауды, білікті персоналды, қауіп­сіздік мәдениетін, төтенше жағдайға дайындықты әрі халықаралық ынтымақтастықты қажет етеді. Бейбіт атомның мүмкіндігі электр энергетикасымен ғана шектелмейді. Ядролық және радиа­циялық технологиялар медици­нада, өнеркәсіпте, ауыл шаруа­шылығында, ғылыми зерттеулерде қолданылады. Радиоизотоптар мен радиофармпрепараттарды, материалтану мен радиациялық технологияларды дамыту жаңа ғылыми әрі өндірістік мүмкіндіктерге жол ашады.

Фото ЖИ Gemini