Қазіргі қоғамда цифрлық технологиялардың дамуы құмар ойындар мен букмекерлік кеңселерде бәс тігуді кез келген адам үшін қолжетімді етті. Бүгінде оған қатысу үшін ұялы телефон мен интернет желісіне қолжетімділіктің болуы жеткілікті. Алайда жылдам ұтысқа кенелу мүмкіндігінің артында көбіне қаржылық шығындар, қарыздар және ойынға тәуелділіктің қалыптасуы сияқты жағымсыз салдар жасырын тұрады.
Бұл мәселе мемлекеттік функцияларды жүзеге асырумен, заңдылықты сақтаумен және қоғам мүддесін қорғаумен байланысты қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілерге қатысты ерекше өзектілікке ие.
Қазақстанда мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаға 2026 жылғы шілдеден бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуына қатысты дербес шектеу енгізілді.
Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 14-бабының 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметші мемлекеттік лауазымға кіріскен күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде ойын бизнесі туралы заңнамада белгіленген тәртіппен құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысудан өзін-өзі шектеуге міндетті.
Сонымен қатар, телекоммуникация желілерін және интернет желісін пайдалану арқылы құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға тыйым салатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу 2024 жылғы қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілген. Аталған талап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 12-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында көзделген.
Бұл ретте мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қабылданған шектеулерді сақтамау мемлекеттік қызметтен шығаруға (атқаратын лауазымынан босатуға, өкілеттіктерін тоқтатуға) негіз болып табылады.
Осылайша, мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы тек қаржылық және беделдік шығындарға ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметтен босатылуына да әкеп соғуы мүмкін.
Құмар ойындарға қатысу тек жеке таңдау мәселесі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметшінің кәсіби қызметіне кері әсерін тигізуі мүмкін фактор екенін түсіну маңызды. Қаржылық шығындар, қарыздық міндеттемелер және ұтылған қаражатты қайтаруға деген ұмтылыс адамның заңсыз ықпалға және құқыққа қайшы әрекеттерге бейім болу қаупін арттыруы мүмкін.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметші өзінің мінез-құлқы азаматтардың тек жеке өзіне ғана емес, жалпы мемлекеттік аппаратқа деген көзқарасын қалыптастыратынын сезінуі тиіс.
Қоғамның сенімі – мемлекеттік қызметтің тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды шарттардың бірі. Сондықтан адалдық пен жауапкершілік тек қызметтік міндеттерді орындау кезінде ғана емес, қызметтен тыс уақытта да көрініс табуы қажет.
Бүгінгі таңда бұл мәселе Абай облысында да өзекті болып отыр. Мәселен, 2026 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг шеңберінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті интернет желісі арқылы мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға және букмекерлік кеңселерде бәс тігуге қатысуының 3 фактісін анықтады. Олардың қатарында ауылдық округ әкімі және аудандық деңгейдегі бас мамандар бар. Анықталған барлық фактілер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамау фактілерінің алдын алу және оларды анықтау бағытында тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде.
Атап айтқанда, заңнама талаптарын түсіндіруге, профилактикалық іс-шаралар өткізуге және сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға ерекше назар аударылады.
Бұл ретте басты міндет – тек құқық бұзушылықтарды анықтап, заңда көзделген шараларды қолдану ғана емес, сонымен қатар осындай жағдайлардың алдын алу.
Әрбір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау мемлекеттік қызмет өткерудің міндетті шарты екенін түсінуі қажет.
Мемлекеттік қызмет – ең алдымен, қоғам алдындағы сенім мен жауапкершілік. Құмар ойындар жылдам ұтысқа кенелуге уәде беруі мүмкін. Алайда кәсіби беделден, азаматтардың сенімінен және атқаратын лауазымынан айырылу – әлдеқайда ауыр салдар.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті


























