Абай аудандық Жастар ресурстық орталығында «Конституциялық реформа – болашақ дамуына жасалған қадам» тақырыбында аудан жастары мен Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еділбаевтың кездесуі өтті. Іс-шара барысында конституциялық өзгерістердің маңызы түсіндіріліп, олардың ел дамуына және жастардың азаматтық белсенділігіне ықпалы жан-жақты талқыланды.

Кездесудің негізгі мақсаты – Конституциялық реформалардың мәнін жастарға кеңінен түсіндіру, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі рөлін көрсету және жас буынның қоғамдық өмірге белсенді қатысуын ынталандыру болды. Қатысушылар реформалардың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы, сондай-ақ елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызы жөнінде толыққанды ақпарат алды.

Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Жастар өз ой-пікірлерін еркін білдіріп, толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Мұндай формат өзара түсіністікке негізделген мазмұнды әңгіме өрбітуге және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, конституциялық өзгерістердің қоғамдағы әділеттілік қағидатын нығайтуға және мемлекеттік институттарға деген сенімді күшейтуге бағытталғаны атап өтілді.

Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еділбаев өз сөзінде Конституциялық реформаның ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

– Конституциялық реформа – бұл жай ғана заңға енгізілген өзгеріс емес, бұл – мемлекетіміздің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды қадам. Аталған өзгерістер азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтіп, әділетті қоғам құруға берік негіз қалайды. Жастардың осындай өзекті мәселелерге бейжай қарамай, белсенді азаматтық ұстаным танытуы – ел ертеңі үшін аса маңызды. Ортақ міндетіміз – құқықтық санасы жоғары, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын белсенді ұрпақ қалыптастыру, – деді ол.

Кездесу барысында жастар атынан Нұрғалиев Думан да пікір білдірді.

– Мұндай кездесулер бізге елде жүзеге асып жатқан өзгерістерді тереңірек түсінуге және өзімізді мемлекет дамуының бір бөлшегі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Конституциялық реформа әділеттілікті нығайтуға, азаматтардың құқықтарын кеңейтуге және әрқайсымыздың жауапкершілігімізді арттыруға бағытталған. Жастар қоғам өміріне белсенді араласып, ел болашағына өз үлесін қосуы тиіс, – деді ол.

Аталған кездесу жастардың құқықтық мәдениетін нығайтып, қоғамдық үдерістерге деген қызығушылығын арттыруға және ашық пікір алмасу алаңын қалыптастыруға ықпал етті. Осындай мазмұнды басқосулар ел дамуына жауапкершілікпен қарайтын белсенді жастар буынын қалыптастыруға негіз болмақ.