Абай облысының Ақпараттық технологиялар орталығы заманауи цифрлық шешімдерді енгізіп, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету және қала инфрақұрылымын бақылау арқылы қауіпсіздікті арттыру бағытында жұмыс жүргізеді.

Орталықтың қызметі туралы өңірлік цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында баяндады.

Облыс тұрғындары 109 нөміріне хабарласып, өз мәселелерін жеткізе алады. Өтініштер операторлар арқылы тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, әрбір мәселе бойынша жеке бақылау карточкасы ашылады. Сонымен қатар орталық «Таза Қазақстан» бағыты бойынша да өтініштерді қабылдайды, – деді Абзал Серікұлы.

Спикердің айтуынша, орталық алаяқтық фактілері туралы хабарламаларды қабылдап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де үлес қосып келеді.

Қала қауіпсіздігі – орталық жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бейнебақылау камералары көшелердегі жағдайды бақылап, ықтимал құқық бұзушылықтарды тіркейді, – деді ол.

Сондай-ақ тұрғындар 109 нөмірі арқылы облыс әкімі Берік Уәлидің «Қаладан – ауылға» бастамасына қатысты сұрақтарын да жолдай алады.

Басты мақсат – мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайту. Санитарлық тазалық, жолдарды күтіп ұстау, интернет-алаяқтық мәселелері бойынша өтініштер жиі түседі. Қазіргі таңда 300-ге жуық өтініш тіркелді. Сонымен қатар камералар санын арттыру және кейбір өтініштерді автоматты түрде өңдейтін жасанды интеллектті енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, орталық қалдықтарды бақылау жүйесін сынақтан өткізіп жатыр. Камералар қоқыс жәшіктері маңындағы аумақты бақылап, қалдықтардың дұрыс тасталуын қадағалайды.

Жасанды интеллект контейнерлердің толу деңгейін анықтап, қоқысты уақытылы шығаруға мүмкіндік береді. Ірі көлемді қалдықтар анықталған жағдайда, операторлар тиісті мекемелерге сұраныс жолдап, оларды шығару жұмыстарын ұйымдастырады, – деп түйіндеді спикер.