Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі өміріміздің үйреншікті бөлігіне айналғанымен, оған қатысты сұрақтар әлі де азаймай отыр. Азаматтардың ай сайынғы жарналары қайда жұмсалады, Абай облысының денсаулық сақтау бюджеті қалай қалыптастырылады және медициналық қызметтерге ақы төлеу қандай қағидаттарға негізделеді? Осы және басқа да мәселелер жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалының директоры Ельмира Жанатқызы Рахимбаеваға бірнеше сұрақ қойдық.

– Сәлеметсіз бе, Ельмира Жанатқызы! Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласын дамытуда маңызды рөл атқарады. Әңгімені негізгі мәселеден бастасақ: 2026 жылы Абай облысының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге бөлінген қаржының жалпы көлемі қанша?

Сәлеметсіздер ме! Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру – халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі. 2026 жылы Абай облысының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге 104 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) шамамен 52 млрд теңге көзделген, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) 52 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Қаражат екі негізгі пакет шеңберінде бағытталады: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС). Басты мақсат – өңір тұрғындарының қажетті медициналық қызметтерді уақытылы алуына, тексерулерден өтуіне және бейінді мамандарға жүгінуіне мүмкіндік жасау.

– Қор қаражаты қалай бөлінеді және медициналық көмектің қандай бағыттары қаржыландырылады?

Қаржыландыру жүйеге қатысатын мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдармен жасалған медициналық қызметтерді сатып алу шарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Қаражат тиісті пакеттер шеңберінде көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеуге бағытталады. Негізгі бағыттарға алғашқы медициналық-санитариялық көмек, консультациялық-диагностикалық қызметтер, стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту және көзделген бағдарламалар шеңберіндегі дәрілік заттармен қамтамасыз ету кіреді. 2026 жылы алғашқы медициналық-санитариялық көмекке 20 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Стационарлық көмекке 25 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның ішінде ТМККК шеңберінде шамамен 2 млрд теңге көзделген, ал МӘМС шеңберінде 23 млрд теңгеден астам. Консультациялық-диагностикалық қызметтерге шамамен 14 млрд теңге көзделген. Оның ішінде ТМККК шеңберінде шамамен 3 млрд теңге көзделген, ал МӘМС шеңберінде 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Мұндай қаржыландыру тәсілі профилактика мен ауруларды ерте анықтаудан бастап, мамандандырылған емге дейінгі медициналық көмектің әртүрлі кезеңдерін қолдауға мүмкіндік береді.

– МӘМС жүйесі Абай облысының тұрғындарына қандай артықшылықтар береді? Оның азаматтар үшін практикалық пайдасы неде?

МӘМС жүйесінің негізгі артықшылығы – азаматтарды қаржылық тұрғыдан қорғап, медициналық көмек алу мүмкіндіктерін кеңейту. Сақтандырылған тұрғындар медициналық көрсетілімдер болған және белгіленген талаптар сақталған жағдайда, пакетте көзделген бейінді мамандардың консультацияларын, диагностикалық зерттеулерді, мамандандырылған емді және басқа да медициналық қызметтерді ала алады. 2026 жылдың 9 айында Абай облысының тұрғындарына МӘМС жүйесі шеңберінде 37 млрд теңгеден астам сомаға медициналық қызметтер көрсетілді. Оның ішінде 1 329 КТ зерттеуі және 1 435 МРТ зерттеуі төлемге ұсынылды. Бұл көрсеткіштердің артында адамдардың тексерулерден уақытылы өтіп, қажетті ем алуына мүмкіндік беретін нақты нәтижелер тұр. Сақтандыру жүйесі қаржылық жүктемені ортақ бөлуге және МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілетін медициналық көмекке байланысты азаматтардың жеке шығындарының айтарлықтай арту қаупін азайтуға көмектеседі.

– МӘМС 2.0 дегеніміз не және жүйеде қандай өзгерістер күтіледі?

МӘМС 2.0 – денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың тұрақты әрі ашық моделін қалыптастыруға бағытталған трансформация. Оның негізгі бағыттарының бірі – көрсетілген қызметтердің көлеміне қарай ақы төлеуден емдеу нәтижелері мен пациент үшін тиімділікті ескеретін тәсілге біртіндеп көшу. Шығындарды жоспарлау кезінде диагностикаға, емдеуге, дәрілік заттарға және медициналық ұйымдардың жұмысына жұмсалатын нақты шығындарды ескеру маңызды. Бұл қаржылық шешімдердің негізділігін арттырып, жүйе қаражатын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді.

– МӘМС азаматтарды қалай қорғайды және әлеуметтік ынтымақтастық қағидаты неліктен маңызды?

МӘМС жүйесінің негізінде мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі қағидаты жатыр. Қаражат ортақ қорға жинақталып, медициналық көмекке дәл қазіргі уақытта мұқтаж адамдарға қызмет көрсетуге бағытталады. Қажетті медициналық көмектің көлемі адамның жеке жарналарының мөлшеріне емес, оның денсаулық жағдайы мен медициналық көрсетілімдеріне қарай айқындалады. Сонымен қатар жүйе қымбат емделу, операциялар, дәрілік заттармен қамтамасыз ету және оңалту кезінде азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға көмектеседі. Бұл ретте қандай қызметтер ТМККК шеңберінде, ал қандай қызметтер МӘМС шеңберінде көрсетілетінін білу маңызды.

– МӘМС 2.0 аясында қандай цифрлық құралдар пациенттер үшін жүйенің ашықтығын арттырады?

Маңызды бағыттардың бірі – азаматтарға өздеріне көрсетілген медициналық көмектің қалай қаржыландырылатынын жақсырақ түсінуге мүмкіндік беретін цифрлық құралдарды дамыту. МӘМС-тің қаржылық паспорты көрсетілген медициналық қызметтер, олардың құны және қаржыландыру көзі туралы мәліметтерді көруге мүмкіндік береді. QR-кодтың көмегімен пациент қызметтің көрсетілгенін растай алады немесе ақпараттың сәйкессіздігі туралы хабарлай алады. Дәрігерлер үшін қызметтерді ТМККК және МӘМС пакеттері арасында бөлуді автоматтандыру, сондай-ақ техникалық қателер туралы ескерту мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл қолмен орындалатын операциялардың санын азайтып, пациенттерге көбірек көңіл бөлуге көмектеседі. Ал адал жұмыс істейтін медициналық ұйымдар үшін есеп айырысудың түсінікті шарттары мен деректерді дұрыс ұсыну және шарттық міндеттемелерді орындау жағдайында төлемдердің уақтылы жүргізілуі маңызды.

– Қор қаражаттың пайдаланылуын қалай бақылайды және қаржыландыру тиімділігін қалай арттырады?

Қор ақпараттық жүйелердің деректерін, көрсетілген медициналық қызметтер туралы мәліметтерді және медициналық ұйымдармен жасалған шарттардың орындалуын талдайды. Цифрлық құралдар қаржы ағындарының ашықтығын арттыруға және медициналық көмектің сапасына мониторинг жүргізу тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді. 2026 жылдың 9 айында Абай облысы бойынша филиал тарапынан 511 жоспардан тыс мониторинг жүргізілді. Оның ішінде 24 мониторинг өтініштер негізінде өткізілді. Өтініштер бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде 10 жағдай негізді, 14 жағдай негізсіз деп танылды. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша медициналық ұйымдарға тұрақсыздық айыбын есептеу, қаражатты қайтару және өзге де қаржылық ұстап қалулар түрінде экономикалық ықпал ету шаралары қолданылды. Өзекті деректер мен емдеуге жұмсалған нақты шығындар негізінде жоспарлау да маңызды рөл атқарады. Бұл ресурстарды ұтымды бөлуге және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге көмектеседі.

– Абай облысының тұрғындары өз құқықтары мен медициналық көмек алу тәртібі туралы ақпаратты қайдан ала алады?

Біз азаматтарға сақтандырылған мәртебесін алу, қолжетімді медициналық қызметтер, медициналық көмекке жүгіну тәртібі және пациенттердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Өзекті ақпаратты Қордың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан да алуға болады: Instagram – msqory_abai, Facebook – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Абай облыстық филиалы. Әрбір тұрғынның ТМККК және МӘМС пакеттері шеңберінде қандай қызметтер қарастырылғанын, жолдаманы қалай алуға болатынын және сұрақтар туындаған жағдайда қайда жүгіну керектігін түсінуі маңызды. Ол үшін ақпарат пен өтініштер қабылдаудың ресми арналарына жүгіну қажет. Біздің мақсатымыз – МӘМС жүйесін әрбір адам үшін барынша түсінікті әрі қолжетімді ету.

– Ельмира Жанатқызы, мазмұнды сұхбатыңыз және МӘМС жүйесін дамытуға қатысты өзекті мәселелерді түсіндіргеніңіз үшін алғыс білдіреміз!