Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жолаушылардың кедендік декларациясын толтыру тәртібіне енгізілген өзгерістердің күшіне енгенін хабарлайды.

Департамент өкілі Жанболат Ахметовтың айтуынша, жолаушылардың кедендік декларациясын толтыру тәртібіне, сондай-ақ декларацияда көрсетілген мәліметтерді өзгерту және толықтыруға байланысты рәсімдерге өзгерістер енгізілуде.

Аталған өзгерістер 2026 жылғы 17 наурыздағы №34 «Жолаушылар кедендік декларациясын толтыру тәртібіне және жолаушылар кедендік декларациясында мәлімделген мәліметтерді өзгертуге (толықтыруға) байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібіне өзгерістер енгізу туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының шешімімен қабылданды.

Спикер аталған шешімге сәйкес негізгі өзгерістерді түсіндірді.

Осылайша, 2026 жылғы 19 сәуірден бастап (ресми жарияланған күннен — 2026 жылғы 19 наурыздан кейінгі 30 күнтізбелік күн өткен соң) жеке тұлғалар келесі тауарларды әкелген кезде жолаушылардың кедендік декларациясында IMEI-кодтарды көрсету міндетті талап ретінде енгізіледі:

• смартфондар;
• ұялы телефондар;
• ұялы байланыс функциясы бар планшеттер.

IMEI-код декларацияның тиісті бағанында міндетті түрде көрсетілуі тиіс.

Сонымен қатар, мекенжай түрлерінің кодтарын көрсетуге қатысты Шешімнің өзге ережелері 2027 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енеді.

Департамент өкілі жаңа талаптардың маңыздылығын атап өтіп, азаматтарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды алып өту кезінде аталған өзгерістерді ескеруге шақырды.