Бүгін Астанада Еуразиялық экономикалық форумда Қазақстанның жасанды интеллект экожүйесі таныстырылды. «Жасанды интеллект және бәсекелестіктің жаңа парадигмасы: ЕАЭО трансшекаралық нарықтарының қаупі ме, әлде даму драйвері ме?» атты панельдік сессияда Одақ елдерінің - Қазақстан, Армения, Беларусь және Қырғызстанның бейінді министрлері мен вице-министрлері технологиялардың жаһандық бәсекелестікке, егемендікке және деректерді қорғауға әсерін талқылады.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сессия барысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун егеменді ұлттық ЖИ платформасының тәжірибеге терең енгені туралы маңызды деректерді келтірді: мемлекеттік қызметшілер ЖИ платформасын күнделікті тапсырмалар үшін 1 миллионнан астам рет, ал азаматтар мемлекеттік қызметтерді алу және мемлекеттік сатып алу бойынша цифрлық көмекшімен жұмыс істеу кезінде 2,5 миллионнан астам рет пайдаланған.
Дегенмен, қазіргі уақытта Қазақстанның басты басымдығы - ЖИ-ді экономиканың нақты секторына шығару. Ол үшін 7 мыңнан астам параметрді қамтитын деректердің егжей-тегжейлі концептуалды атласы әзірленді. Бұл ретте, егер әлеуметтік сала, денсаулық сақтау және білім беруде цифрландыру деңгейі 80-95%-ға жетсе, нақты секторда тапшылық байқалады: өнеркәсіпте шамамен 40%-ы, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі желісі бойынша - бар болғаны 26% деректер цифрландырылған.
Бұл мәселені шешу үшін Қазақстан ЕАЭО елдеріне күш-жігерді біріктіруді және дербессіздендірілген салалық деректермен бөлісу үшін университеттер базасында бірлескен ЖИ-зертханалар желісін іске қосуды ұсынды. Бұл тікелей өндірістерде немесе фермерлерде интернетсіз және суперкомпьютерлерсіз, локальді түрде жұмыс істей алатын ашық кіші тілдік модельдерді бірлесе оқытуға мүмкіндік береді.
Осы бастама туралы айта келе, Дмитрий Мун: «Біз үшін басты басымдық - жасанды интеллектті интеграциялау есебінен экономиканың сапалы өсуі. Тиімді модельдерді оқыту үшін өңірлік ерекшелікті, біздің климаттық жағдайларымыз бен салалық нюанстарымызды ескеретін деректер массивтері қажет. Осыған байланысты елдеріміз арасындағы негізгі индустриялар бойынша дербессіздендірілген деректермен өзара алмасуды ұйымдастырған жөн. Бұл ашық индустриялық модельдерді жедел қалыптастыруға мүмкіндік береді және бірлескен күш-жігермен біз бұл бағытта елеулі прогреске қол жеткізе аламыз» - деп атап өтті.
Кооперация және еңбек бөлінісі идеясын талқылаудың басқа қатысушылары белсенді қолдады. Беларусь Республикасының Байланыс және ақпараттандыру министрінің орынбасары Кирилл Залесский трансшекаралық деректер айналымы кедергілермен бұғатталмауы үшін ЕАЭО елдеріне реттеуші ортаны синхрондау және технологиялық қауіпсіздіктің бірыңғай стандарттары қажет екенін атап өтті. Ол Одақтың барлық мемлекеттерінде ЖИ-ге деген қажеттіліктер көп жағдайда сәйкес келетінімен келісті, сондықтан жүктемені салалық принцип бойынша бөлу - бір ел білім беру үшін, екіншісі медицина немесе өндіріс үшін модельдер әзірлеген кезде - бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. ЖИ-ді енгізу үшін пилоттық экономикалық сектор ретінде Беларусь өкілі құрылымдалған деректердің үлкен массивтері жинақталған логистиканы ұсынды.



























