Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментімен Абай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының және оған қарасты ұйымдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді.
Талдау барысында Басқарманың ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметі, кадрлық қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуы, мемлекеттік қызмет көрсету, бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану, табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыру, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметі зерделенді.
Абай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы табиғи ресурстарды қорғау және табиғат пайдалануды реттеу саласында басшылықты жүзеге асырады. Басқарма құрамында су үнемдеу және су ресурстарын ұтымды пайдалану, табиғат қорғау бағдарламаларын іске асыру және әкімшілік жұмыс, жануарлар дүниесін, балық және орман шаруашылығын қорғау, сондай-ақ экологиялық сараптама және реттеу бағыттары бойынша бөлімдер жұмыс істейді. Басқармаға қарасты «Орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағы» КММ және «Жасыл ел Абай» КММ ұйымдары қызмет атқарады.
Сыртқы талдау барысында кадрлық қамтамасыз ету саласында бірқатар тәуекелдер анықталды. Атап айтқанда, 2024 жылы кадрлардың жалпы ауысымдылығы 32 пайызды, таза ауысымдылығы 22 пайызды құраған. 2025 жылы штат саны 20 бірлікті құрап, 10 мемлекеттік қызметші жұмысқа қабылданған, 11 мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылған, оның ішінде таза ауысымдылық бойынша – 3 адам.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде декларацияларды белгіленген мерзімде ұсынуға қатысты жекелеген бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, кейбір қызметкерлер декларацияларды белгіленген мерзімнен кеш ұсынған, сондай-ақ бір жағдайда тиісті декларацияның орнына басқа нысандағы декларация ұсынылған.
Талдаудың маңызды бағыттарының бірі «Орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағы» КММ қызметі болды. Мұнда инспекторлардың құқықтық мәртебесіне, нысанды киіміне және төсбелгілеріне қатысты бірқатар мәселелер анықталды. Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғаудың лауазымды тұлғаларын айқындау бөлігінде құқықтық қайшылықтың болуы да анықталды. Бұл жағдай инспекторлардың өкілеттіктерін әртүрлі түсіндіруге алып келуі мүмкін болатын сыбайлас жемқорлық тәуекелі ретінде бағаланды.
Сонымен бірге, Жасақтың әкімшілік практикасы зерделенді. 2025 жылы инспекторлар құқық қорғау және уәкілетті органдармен бірлесіп 346 рейдтік іс-шара өткізген. Нәтижесінде 89 құқық бұзушылық анықталған. Инспекторлардың материалдары бойынша құқық қорғау органдарымен 5 қылмыстық іс қозғалып, 15 хаттама сот органдарына шешім қабылдау үшін жолданған, 69 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, 2025 жылы Жасақ инспекторларымен әкімшілік жаза қолдану туралы 29 қаулы шығарылған. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік істерді қарау және әкімшілік жазалар қолдану өкілеттігі белгілі бір басшылар мен лауазымды тұлғаларға тиесілі болған. Осыған байланысты инспекторлардың өз өкілеттіктерінен тыс әрекет ету тәуекелі анықталған.
Бұдан бөлек, Жасақта арнайы техникалық құралдардың, оның ішінде бейнетіркегіштердің болмауы рейдтік іс-шаралар барысында жасалған әрекеттерді объективті түрде тіркеу және кейіннен бақылау жүргізу тұрғысынан қосымша сыбайлас жемқорлық тәуекелін туындатқаны көрсетілген.
Кадрларды жұмысқа қабылдау мәселесінде де тәуекелдер анықталды. Инспекторларды жұмысқа қабылдау кезінде бос жұмыс орындары интернет-ресурстарда жарияланбай, кандидаттардың түйіндемелерін зерделеу және әңгімелесу арқылы жүзеге асырылған. Бұл ретте кандидаттарды конкурстық немесе өзге де ашық іріктеу тетіктері болмаған. Мұндай жағдай жұмысқа орналасу кезінде ашықтық, жариялылық, бәсекелестік және қолжетімділік қағидаттарының сақталмау тәуекелін қалыптастырған.
Сондай-ақ жекелеген инспекторлардың белгіленген біліктілік талаптарына білімі бойынша сәйкес келмейтіні анықталды. Бұдан бөлек, талдау барысында Жасақтың бұрынғы басшысы мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс материалдарында жұмысқа қабылдау және лауазымға тағайындау кезінде заңнама талаптарының бұзылғаны көрсетілген. Аталған фактілер бойынша тиісті тәртіптік шаралар қабылданды.
Талдау барысында бюджет қаражатын жоспарлау және табиғат қорғау іс-шараларын іске асыру мәселелеріне де назар аударылды. Жоспарланған табиғат қорғау іс-шараларының барлығы бірдей жергілікті бюджеттен қаржыландырылмағаны, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға көзделген қаржы қаражатының пайдаланылу бағыттары туралы ақпараттың жеткіліксіздігі анықталған.
Сыртқы талдау қорытындысы бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға, кадрлық жұмысты жетілдіруге, жұмысқа қабылдау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, әкімшілік заңнама талаптарының сақталуына, нормативтік құжаттарды заңнамаға сәйкестендіруге және ішкі бақылауды күшейтуге бағытталған 20 ұсыным берілді.
Бүгінгі күнге барлық берілген ұсынымдар орындалды. Атап айтқанда, «Орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағы» КММ инспекторларға қажетті жетондар және нысанды киімдермен қамтамасыз етілді. Осы арқылы инспекторлардың тиісті сәйкестендірілуіне және нысанды киім мен айырым белгілеріне қатысты анықталған мәселелерді жоюға бағытталған шаралар қабылданды.
Сонымен қатар, рейдтік іс-шаралар барысында инспекторлардың әрекеттерін объективті түрде тіркеу, қызметтік тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында бейнетіркегіштер сатып алуға бюджеттік өтінім берілді. Қазіргі уақытта аталған мәселе бюджеттік процесс шеңберінде қаралу сатысында.
Нәтижесінде жүргізілген сыртқы талдау табиғи ресурстар саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап қана қоймай, оларды жою бойынша нақты шараларды қабылдауға мүмкіндік берді. Берілген ұсынымдардың орындалуы мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметіндегі ашықтық пен есептілікті арттыруға, ішкі бақылауды күшейтуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша қабылданған шаралар профилактикалық жұмыстың маңызды бағыты болып табылады. Анықталған кемшіліктерді жоюмен қатар, осындай тәуекелдердің қайталануына жол бермеу, қызметтік рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету және заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтау бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыру қажет.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті


























