Семей қаласында коммуналдық мақсаттағы нысандардың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауына бақылау жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Чокушев пен басқарма бөлімінің басшысы Ажар Жадранова мәлімдеді.
Коммуналдық нысандар тұрғындарға күнделікті қызмет көрсететіндіктен, санитариялық талаптардың сақталуы маңызды. Нысандардың белгіленген нормаларға сәйкестігі бақыланады. Рұқсат құжаттарынсыз қызмет көрсету фактілері анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады, – деді Шыңғыс Чокушев.
Коммуналдық мақсаттағы нысандардың бір бөлігі эпидемиялық мәні жоғары объектілер санатына жатады. Олардың қызметі санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес ұйымдастырылып, заңнамада көзделген рұқсат құжаттары немесе хабарламалары болуы қажет.
Нысандарда сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау және желдету жүйелері жарамды күйде болуы тиіс. Сонымен қатар үй-жайларда күнделікті ылғалды тазалау жүргізіліп, санитариялық тазалық сақталуы қажет. Қызметкерлер арнайы киіммен қамтамасыз етіліп, міндетті медициналық тексеруден өтуі керек.
Нысандарды орналастыру кезінде де санитариялық талаптар ескеріледі. Атап айтқанда, шу, діріл, иіс, ылғал және атмосфералық ауаның ластануы сияқты факторлардың тұрғындарға әсеріне назар аударылады.
Коммуналдық нысандарды орналастыру және пайдалану кезінде санитариялық талаптардың сақталуы маңызды. Бұл ретте қоршаған ортаға және тұрғындардың өмір сүру жағдайына әсер етуі мүмкін факторлар ескерілуі қажет. Белгіленген нормаларды сақтау халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Ажар Жадранова.
Басқарма тарапынан объектілерге бармай профилактикалық бақылау және мониторинг жүргізіледі. Өндірістік бақылаудың жүргізілмеуі немесе тиісті есептердің ұсынылмауы сияқты кемшіліктер анықталған жағдайда, нысан иесіне ұсыным хат жолданып, оларды жоюға 30 күн мерзім беріледі. Талаптар орындалмаған жағдайда, заңнамаға сәйкес тиісті бақылау шаралары қабылданады. Коммуналдық нысандарда санитариялық талаптардың сақталуын бақылау және түсіндіру жұмыстары жалғастырылады.



























