Семейде спорт арқылы балаларды біріктірген «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті. «Әділет» партиясының Семей қалалық филиалы ұйымдастырған іс-шараға қаланың мектептерінен 60-қа жуық оқушы қатысып, бочча, эстафета және жеңіл атлетикадан бақ сынады. және Бұл бастама «Әділет» партиясының Әділет, Патриотизм, Жауапкершілік, Еңбекқорлық Прогресс құндылықтарымен үндеседі.

Партияның бағдарламасында әділет әр азаматтың мүмкіндіктерге қол жеткізуінен, ал прогресс адамның дамуына жағдай жасаудан көрінуі керек екені атап көрсетілген.

Спортта біреу жылдам жүгіреді, біреу дәл лақтырады, енді бірі командасына қолдау көрсетеді. Ең бастысы – балалардың өзіне сеніп, бірге әрекет етуі. Біз осындай орта қалыптастыруға үлес қосуды маңызды деп санаймыз, – деді «Әділет» партиясының Абай облыстық филиалының төрағасы Айдар Ибраев.

Фестивальге арнайы қонақ ретінде «Әділет» партиясының мүшесі, «Қазақстан барысы – 2024» турнирінің жеңімпазы, самбодан Азия чемпионы Ерасыл Қажыбаев қатысып, қатысушыларға қолдау көрсетті.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға осындай мүмкіндік беріп отырған «Әділет» партиясына алғыс айтамын. Спорт адамды тәртіпке, еңбекке және жауапкершілікке үйретеді. Бүгінгі балалардың спортқа қызығып, бірге жарысып жүргені қуантады. Осындай шаралар көбейіп, әр бала өзіне ұнайтын спорт түрімен айналысуға мүмкіндік алса екен деймін, – деді Ерасыл Қажыбаев.

Іс-шараға демеушілік қолдау көрсеткен «Восток Монтаж Инжиниринг» ЖШС директоры Александр Гнездов фестивальге арнайы қатысып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Ол қатысушыларға сыйлықтар табыстап, балаларды спортпен шұғылдануға, өз күшіне сенуге және алға ұмтылуға шақырды.

«Әділет» партиясы Семей қалалық филиалының төрағасы Айдос Төлеухановтың айтуынша, «Тең мүмкіндіктер» фестивалі бүгінде қалалық деңгейде өткізіліп жатыр. Ол фестивальдің ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен Абай облысының спорт және білім басқармаларына алғысын білдірді.

Сондай-ақ алдағы уақытта фестивальді облыстық деңгейде өткізу жоспарланып отырғанын, ал облыстық кезеңде жеңімпаз атанған команда республикалық кезеңге жолдама алатынын айтты.