Жаңасемей ауданында әлеуметтік-экономикалық даму, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауданның экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық берілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жаңасемей ауданының әкімі Нұржан Әбдікәрімов мәлімдеді.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында ауданның өнеркәсіп өндірісінде оң динамика сақталды. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 102,6 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 103,7 пайыз болды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға өсті.
Ауыл шаруашылығы саласында биыл 15,3 мың гектар алқапта егін жинау жұмыстары жүргізілуде. Дәнді дақылдардың 63 пайызы жиналды. Картоп жинау жұмыстарының 80 пайызы орындалып, 19,5 мың тонна өнім алынды. Көкөніс-бақша дақылдарының 95 пайызы жиналып, 9,2 мың тоннадан астам өнім өндірілді. Жыл басынан бері 20 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі 32 бірлік жаңа техника мен жабдық сатып алды.
Мал шаруашылығында да өсім бар. Жыл басынан бері ет өндірісі 6,1 пайызға, сүт өндірісі 1,2 пайызға артты. Ірі қара саны 85 мыңнан, қой мен ешкі 106 мыңнан, жылқы 84 мыңнан асты. Асыл тұқымды мал басын көбейту және мал шаруашылығының өнімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Ауданның негізгі экономикалық бағыттарында тұрақты өсім қалыптасып келеді. Алдағы кезеңде ауыл шаруашылығын дамытуға, өнімді өңдеу көлемін арттыруға, инвестициялық жобаларды іске асыруға және жер ресурстарын тиімді пайдалануға басымдық береміз. Сонымен бірге ауылдардың инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жақсарту жұмыстарын жалғастырамыз, – деді аудан әкімі Нұржан Әбдікәрімов.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында ет өндірісін дамыту, мал бордақылау, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және мал өсіру кешендерін құру бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.
Инфрақұрылым бағытында елді мекендерді абаттандыру, көшелерді жөндеу, жарықтандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бірқатар ауылдарда көшелерге қиыршық тас төселіп, тегістеу және абаттандыру жұмыстары атқарылды. Бұлақ пен Каштак ауылдарында балалар ойын алаңдары пайдалануға беріліп, Мұздыбай ауылындағы алаңның құрылысы аяқталу сатысында.
Көше жарығын жақсарту бойынша да жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда аудандағы 190 көшенің 100-і жарықтандырылған. Сонымен қатар бірқатар елді мекендерде жарықтандыру желілерін кеңейту бойынша жобалар әзірленуде.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында аудан бойынша 96 бейнебақылау камерасы орнатылды. «Қолжетімді интернет» бағдарламасы бойынша Абралы, Қайнар және Каштак ауылдарына антенна-діңгектер орнату жұмыстары жүргізілді. Талица және Гранитный ауылдарында да тиісті инфрақұрылым іске қосылды. Бұл жұмыстар шалғай елді мекендердегі интернет сапасы мен байланыс қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Елді мекендердегі инфрақұрылымды жақсарту – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Осыған байланысты көшелерді жөндеу, жарықтандыру, абаттандыру және цифрлық байланысты дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Негізгі мақсат – аудан ауылдарында тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру, – деді Нұржан Әбдікәрімов.
Әлеуметтік салада да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ауданда 17 мектеп жұмыс істейді. Аудан құрылғаннан бері бес жекеменшік балабақша ашылып, оның екеуі биыл іске қосылды. Денсаулық сақтау саласында 14 дәрігерлік амбулатория бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Жұмыспен қамту бағытында 2026 жылға 331 жұмыс орнын ашу жоспарланса, нақты 339 жұмыс орны құрылды. Халықты тұрақты жұмыспен қамту және еңбек нарығына тарту бойынша шаралар жалғасуда.



























