Семейде Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде жоғалып кеткен екі баланы тауып, ата-анасына аман-есен табыстады.
Оқиға 7 қазан күні кешкі уақытта Цементшілер ауданында болған. Сағат 19:50 шамасында патрульдік жасаққа жергілікті тұрғын жүгініп, бес және алты жастағы балаларының жоғалып кеткенін айтып, көмек сұраған. Әскери жасақ бастығы қатардағы Құнан Балихан мен қатардағы жауынгер Шәкен Ердәулет бұл туралы патрульдік топ бастығына баяндап, балаларды іздеуге бірден кірісті. Сарбаздар балалардың сыртқы келбеті мен киімдері туралы мәліметтерді нақтылап, жақын маңдағы аумақты мұқият шолып шыққан.
Іздеу жұмыстары көп ұзамай нәтижесін берді. Сарбаздар Галето көшесінің бойынан сипаттамаға сәйкес келетін екі баланы байқап, олардың іздестіріліп жатқан балалар екенін анықтады. Көп ұзамай ата-анасына хабар беріліп, балалар аман-есен табысталды.
Анасының айтқан белгілері бойынша балаларды іздеуге бірден кірістік. Кешкі уақыт болғандықтан, кішкентай балалардың ата-анасының қарауынсыз жүруі алаңдатарлық жағдай еді. Айналаны мұқият қарап, алыстан сипаттамаға сәйкес келетін екі баланы байқап қалдық. Жақындап барып, олардың іздестіріліп жатқан балалар екеніне көз жеткізген соң, анасына хабарласып, балаларды табыстадық, – дейді қатардағы жауынгер Шәкен Ердәулет.
Балаларының аман-есен табылғанына қуаныш білдірген ана сарбаздарға жедел әрекеті мен жауапкершілігі үшін алғысын жеткізді. Айта кетейік, Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері Семей қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сарбаздар Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы түзеу мекемелерін күзету міндеттерін атқарады.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



























