Семейдегі Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өткеріп жүрген қатардағы жауынгер Қанағат Ерғазы Абай Құнанбайұлының шығармаларын бала кезінен жата жастанып оқыған. Ол әскер сапында қаруластарына үнемі һәкімнің өлеңдерін оқып, қара сөздерінен үзінді айтып береді. Біртуар тұлғаның өшпес өнегесі мен өмір жолын біліп ғана қоймай, оны айналасына әрдайым насихаттап жүрген мерзімді әскери қызметшіні әскери бөлім басшылығы Абай музейіне алып барды.

Ол мәдени орында бір күнге гид атанып, ұлы ойшылдың музейіне келген қала тұрғындары мен қонақтарына экскурсия жүргізді.

Бұл менің көкейімде жүрген армандарымының бірі еді. Мен Семей қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышымды өтеуге келгелі Абай музейін көргім келетін. Ал, бүгін музей қызметкеріне айналып, қала тұрғындарына экскурсия жүргіздім. Бұл мен үшін таптырмас қуаныш болды. Маған осындай мүмкіндік сыйлаған әскери бөлім офицерлері мен музей қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз, - дейді қатардағы жауынгер Қанағат Ерғазы.

Ұлттық ұлан сапына Қарағанды қаласы Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылынынан шақыртылған мерзімді әскери қызметші бос уақытында өлең шығарумен айналысады. Ол шара барысында Абай мен Шәкәрімге арнаған өлеңдерін оқып, музейге келушілерге ақындық қырымен де таныла түсті. Тарихи нысанның қызметкерлері де мерзімді әскери қызметшінің талпынысын оң бағалады.

Сарбазға музейдегі құнды жәдігерлерді таныстырып, тарихи көріністерге толы көрмелерді баян еткенде лезде қағып алды. Экскурсия жүргізген сәтінде қобалжымай, тың мағлұматты байыппен айтып, өзін еркін ұстап, келген елдің көңілінен шықты деп ойлаймын. Жалпы, ұлы ақынды өз ортасында ұлықтап, рухани құндылықтарымызды дәріптеп жүрген Қанағат үшін әрдайым есігіміз ашық. Мұндай іс-шаралар әскери қызметшілердің рухани дүниесін байытып ғана қоймай, қоғам мен әскер арасындағы ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлес қосады, - дейді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби – мемориалдық музей-қорығының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Арай Талғатқызы.

«Абай жолы – болашақ бағдары» іс-шарасы аясында ұйымдастырылған тағылымды кеш сарбаз есінде ұзақ сақталары анық. Айта кетейік, 5511 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтейтін мерзімді әскери қызметшілер Семей қаласындағы қоғамдық тәртіпті қадағалап, Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысындағы қылмыстық атқару жүйесі нысандарын күзетеді.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі