Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтарының балалары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде «балалар» жеңілдік санатына жатады. Бұл ретте баланы тиісті санатқа дұрыс енгізу үшін оның мәртебесі туралы мәліметтердің белгіленген тәртіппен ресімделіп, мемлекеттік ақпараттық жүйелерде көрсетілуі маңызды.
«Балалар» жеңілдік санатына жататын тұлғалар үшін МӘМС-ке жарналарды мемлекет республикалық бюджет қаражаты есебінен төлейді.
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтары МӘМС жүйесінде Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде құқықтарды пайдаланады және міндеттерді атқарады.
МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерді тұтынушылар мен денсаулық сақтау субъектілерін есепке алуды жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-333/2020 бұйрығымен бекітілген «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық қызметтерді тұтынушылар мен денсаулық сақтау субъектілерін есепке алуды жүргізу қағидаларымен» белгіленген.
Қағидалардың 22-тармағына сәйкес, Мемлекеттік корпорация «балалар» санатына жататын тұлғалардың тізімін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінен алынған, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйесінен келіп түскен деректер негізінде қалыптастырады.
Қағидалардың 23-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің ақпараттық жүйесіне балалар туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер базасынан беріледі.
Осылайша, баланы «балалар» жеңілдік санатына енгізу мемлекеттік ақпараттық жүйелерден келіп түсетін мәліметтер негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан бала және оның мәртебесі туралы ақпараттың тиісті деректер базаларына уақтылы әрі дұрыс енгізілуі маңызды.
Шетелдік ата-аналар нені білуі керек?
Шетелдік ата-аналардың Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаты мен тұруға ықтиярхатының болуы олардың кәмелетке толмаған баласына дәл осындай мәртебенің автоматты түрде рәсімделетінін білдірмейді.
Егер бала шетел азаматы болып табылса, ата-анасы оның Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын тұлға мәртебесін белгіленген тәртіппен бөлек рәсімдеуі қажет.
Ол үшін тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметінің бөлімшесіне жүгініп, көші-қон заңнамасының талаптарына сәйкес қажетті құжаттарды рәсімдеу қажет.
Белгіленген рәсімнен өткеннен кейін бала туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерге беріледі. Атап айтқанда, жеке тұлғалар, олардың сәйкестендіру деректері және тиісті мәртебені растайтын құжаттар туралы өзекті мәліметтер қажетті тізімдерді қалыптастыру үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелерде пайдаланылады.
Тиісті деректер беріліп, өңделгеннен кейін МӘМС жүйесіндегі ақпарат белгіленген тәртіппен жаңартылады.
Құжаттарды рәсімдеудің жас ерекшеліктерін де ескеру қажет. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдікке тұруға ықтиярхат 16 жастан бастап беріледі. Сондықтан 16 жасқа толмаған баланың жеке тұруға ықтиярхатының болмауы оның тұрақты тұратын тұлға мәртебесінің жоқ екенін өздігінен білдірмейді. Қажетті рәсімдер баланың жасына және заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Тұрғылықты жері бойынша тіркеу 14 жастан бастап жүзеге асырылады, оның ішінде Қазақстанда тұрақты тұратын мәртебесі бар кәмелетке толмаған шетел азаматтарына да қатысты.
Осылайша, Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматының баласын МӘМС жүйесінің «балалар» жеңілдік санатына дұрыс енгізу үшін тиісті мәртебенің болуы ғана емес, қажетті мәліметтердің мемлекеттік ақпараттық жүйелерде уақтылы көрсетілуі де маңызды.
Шетелдік ата-аналарға балаға қажетті құжаттарды уақтылы рәсімдеп, көші-қон қызметінің бөлімшесіне жүгіну және бала туралы мәліметтердің мемлекеттік ақпараттық жүйелерге дұрыс енгізілгеніне көз жеткізу ұсынылады.
Бұл баланың «балалар» жеңілдік санаты бойынша тізімін дұрыс қалыптастыруға және кейіннен оның мәртебесінің МӘМС жүйесінде көрсетілуіне мүмкіндік береді.
Түсіндірмені «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалы дайындады.

























