«Мен жүктімін, жұмыс істемеймін және жеке кәсіпкер емеспін. МӘМС жарналарын өзім төлеуім керек пе?»

Бұл – болашақ аналар жиі қоятын сұрақтардың бірі.

Егер әйел жұмыс істемесе, жеке кәсіпкер болмаса және жұмыс істемейтін жүкті әйелдер санатына жататын болса, оған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) жарналарды өз бетінше төлеу талап етілмейді. Бұл санат үшін МӘМС жүйесіне жарналарды мемлекет төлейді.

Жүкті әйел МӘМС жүйесінде мәртебесін қалай ала алады?

Жұмыс істемейтін жүкті әйелдің мәртебесі мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қамтылған мәліметтер негізінде қалыптастырылады.

Осылайша, жұмыс істемейтін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген әйелге Қорға өз бетінше тіркелу немесе жұмыс істемейтін жүкті әйел мәртебесін алу үшін жарналар төлеу талап етілмейді.

Болашақ ана не істеуі қажет?

1. Жүктілік бойынша уақытылы есепке тұру.

Медициналық ұйымға жүгінгеннен кейін жүктілік туралы мәліметтер тиісті ақпараттық жүйеге енгізілуі қажет.

2. Сақтандыру мәртебесін тексеру.

Жүктілік бойынша есепке тұрғаннан кейін МӘМС жүйесіндегі мәртебеңізді тексеру ұсынылады. Мұны Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Қордың ресми msqory.kz сайты, сондай-ақ Damumed, Halyk, BCC.KZ, Kaspi.kz, Freedom SuperApp, Bereke Bank, Home Credit Bank мобильді қосымшалары және басқа да цифрлық сервистер арқылы жасауға болады.

МӘМС жүйесіндегі мәртебе және аударылған аударымдар және (немесе) жарналар сомалары туралы ақпаратты eGov.kz порталының «Денсаулық сақтау» бөліміндегі тиісті мемлекеттік қызмет арқылы да алуға болады.

Жұмыс істемейтін жүкті әйел мәртебесі қандай жағдайларда беріледі?

Медициналық қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығын беру қағидаларының 2-параграфының 26-тармағына сәйкес жұмыс істемейтін жүкті әйел мәртебесі:

  • салыстырып тексеру күніне дейінгі айда МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлем болмаған жағдайда беріледі;
  • салыстырып тексеру күніне дейінгі екі айда МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлемдер болған жағдайда алынып тасталады.

Бұл ретте 2-параграфтың 24 және 25-тармақтарында жұмыс істемейтін жүкті әйелдердің тізімін Мемлекеттік корпорация ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер негізінде қалыптастыратыны, ал жүктілік туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Жүкті әйелдер және бала туу жасындағы әйелдер тіркелімі» ақпараттық жүйесінен келіп түсетіні белгіленген.

Егер «сақтандырылмаған» мәртебесі көрсетілсе не істеу керек?

Егер әйел жүктілік бойынша есепте тұрса, бірақ МӘМС жүйесінде әлі де «сақтандырылмаған» мәртебесі көрсетілсе, бірден жарналарды өз бетінше төлеуге асықпаған жөн.

Ең алдымен, өз медициналық ұйымыңыздың Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгініп, жүктілік туралы мәліметтердің дұрыс енгізілгенін нақтылау қажет.

Егер мәселені медициналық ұйым деңгейінде шешу мүмкін болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мына арналар арқылы жүгінуге болады:

Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;

Қордың ресми msqory.kz сайты;

Telegram-дағы @SaqtandyrBot.

Маңызды

Егер әйел жұмыс істемесе, жеке кәсіпкер болмаса және жұмыс істемейтін жүкті әйелдер санатына жататын болса, оның МӘМС жүйесіне қатысу құқығы жарналарды өз бетінше төлеуіне байланысты емес.

Ең бастысы — жүктілік бойынша уақытылы есепке тұру, мәліметтердің ақпараттық жүйелерге дұрыс енгізілуін қамтамасыз ету және сақтандыру мәртебесін тексеру.

Нормативтік негіз: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-333/2020 бұйрығымен бекітілген «Медициналық қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқығын беру қағидалары», 2-параграф «"Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер" санатына жататын медициналық қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі», 24–26-тармақтар.

Түсіндірмені «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалы дайындады.