Мемлекет басшысының республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында және Дүниежүзілік тазалық күніне (World Clenup Day) орай Абай облысында санитарлық тазалық және ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді.
Облыс әкімі Берік Уәли Ақсуат ауылындағы Тана мырза саябағында өткен ағаш отырғызу акциясына қатысты. Аймақ басшысы белсенді жастармен, ауыл тұрғындарымен бірге саябаққа ағаш көшеттерін отырғызды.
Облыс әкімі тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына тұрғындардың белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті.
Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы басталған уақыттан бері ауылдарымыз, аулаларымыз тазарып қалды. Өңірімізде сенбіліктер жыл бойы үздіксіз жүргізіліп келеді. Бүгін Ақсуатта жастармен, тұрғындармен бірге ағаш отырғыздық. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыра береміз, – деді Берік Уәли.
Бұл күні өңірдің барлық аудан-қалаларында, барлық елді мекенінде ағаш отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды. Экологиялық шара барысында 3 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды. Облыс бойынша Дүниежүзілік тазалық күніне орай өткен акцияға 14 734 тұрғын қатысып, 453 ұйым мен 204 техника жұмылдырылды , 4578 тонна қоқыс қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығарылды
Айта кетейік, биыл 4 сәуірден бастап облыстың елді мекендерінде санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында сенбіліктерге 338 мыңнан астам тұрғын қатысып, 7 241 ұйым мен 35 412 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 39 мың аула, 1 231 саябақ пен сквер аумағы тазартылып, полигондарға 52 346 тонна қоқыс шығарылды.
Өңірлік жоспарға сәйкес биыл 67 мың ағаш көшетін отырғызу көзделген. Оның 60 мыңы немесе 89 пайызы көктемгі кезеңде отырғызылды.



























