Абай облысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жылу көздеріне қазірдің өзінде 40 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл белгіленген нормативтік қордан 1,6 есе көп.
Абай облысының энергетика және энергия үнемдеу басқармасы «Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Нұр-Ғасыр Жиенбаевтың айтуынша, 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына Абай облысының көмірге деген жалпы қажеттілігі 1,27 млн тоннаны құрайды. Оның 567 мың тоннаға жуығы халықтың қажеттіліктеріне жұмсалады.
Көмірді тұрақты әрі уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында «Қаражыра» АҚ және «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен келісу бойынша облыс әкімінің орынбасары көмір жеткізудің тиісті кестесін бекітті. Қазіргі уақытта облыста халық пен әлеуметтік маңызы бар нысандарды көмірмен қамтамасыз ететін 40 өңірлік оператор жұмыс істейді. Облыста 49 орталықтандырылған жылумен жабдықтау көзі және 330 автономды қазандық бар. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау көздері үшін отынның нормативтік қоры 25 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда жылу көздеріне 40 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл белгіленген нормативтік қордың 160 пайызына тең, – деп атап өтті Нұр-Ғасыр Жиенбаев.
Қазіргі уақытта жылу көздеріне көмір жеткізу жұмыстары жалғасуда. Отын бекітілген кестеге сәйкес жеткізілуде. Ал отын қорының нормативтік деңгейден төмендеуіне жол бермеу мәселесі тұрақты бақылауда.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Абай облысы бойынша жүк және коммерциялық жұмыс жөніндегі директордың орынбасары Ердәулет Түлековтің айтуынша, облысқа тәулігіне 350 вагон көмір жеткізіледі.
Қазіргі таңда көмір жеткізу бойынша Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысына басымдық беріліп отыр. Сондай-ақ облыс әкімдігі, «Қаражыра» АҚ және теміржол арасында көмірді жеткізу мерзімдерін қысқарту туралы келісім бар. Жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бүгінде «Қаражыра» АҚ тәулігіне көмір тиелген 350 вагонның жеткізілуін қамтамасыз етеді, – деді Ердәулет Түлеков.
ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Абай облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Николай Дёмин көмір бағасы мен оның жеткізілуін бақылау үшін арнайы электрондық платформа құрылғанын атап өтті.
Энергетика министрлігі көмір жеткізілімдерін бақылау, қадағалау және жедел реттеу үшін электрондық платформаның пилоттық жобасын әзірледі. Платформа көмір бағасын бақылауға да мүмкіндік береді. Бұл бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу үшін қажет, – деді Николай Дёмин.
Көмірді халыққа тиеу және өткізу қарапайым тәртіппен жүзеге асырылады: көмір алғысы келетін азаматтар телефон арқылы немесе тупикке жеке келіп тапсырыс береді. Одан кейін көмір тиеп жөнелтіледі.
Көмірдің бағасы жеткізумен бірге – 20 500 теңге, ал өздігінен алып кеткен жағдайда – 18 мың теңгені құрайды.

























