Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында қазіргі таңда 11 маусымдық балалар лагері жұмыс істейді. Оның ішінде 8-і мемлекеттік, 3-і жекеменшік. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында департамент басшысы Нұржан Ноғайбаев мәлімдеді.

Мемлекеттік лагерлер қатарында «Радуга», «Жас Қанат», «Дарабоз», «Тарбағатай жалпы орта мектебі жанындағы жазғы сауықтыру ұйымы», «Берег», «Мейірім», «Солнечный», «Достық» бар. Ал жекеменшік лагерлер – «DosbolLaik», «Ai-Hanym», «Сказка». Облыста жыл сайын орта есеппен 5 мыңнан астам бала жазғы сауықтырумен қамтылады. Мәселен, 2024 жылы – 5077 бала, 2025 жылы – 5014 бала демалыспен қамтылған.

Қолданыстағы санитариялық қағидаларға сәйкес, балаларды сауықтыру қызметін жүзеге асыратын ұйымдар жыл сайын жазғы маусым басталғанға дейін міндетті түрде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс.Маусымға дайындық барысында лагерьлерде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілер мен желдету жүйелері тексеріледі. Сонымен қатар сумен жабдықтау жүйелері жуылып, дезинфекцияланады, ауыз су сапасы зертханалық бақылаудан өтеді. Аумақтар тазартылып, абаттандырылады. Сондай-ақ тіркелген дезинфекциялық және дератизациялық құралдармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі,- дейді Нұржан Ноғайбаев.

Объектілер санитариялық талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды алғаннан кейін ғана жұмысын бастайды. Балалар лагерьге барар алдында медициналық тексеруден өтіп, 071-У нысанындағы анықтаманы ұсынуы қажет.

Ата-аналарға лагерь таңдағанда рұқсат құжаттарының болуына және қызметкерлердің медициналық тексеруден өткеніне назар аударуды ескертеді. Қазіргі таңда лагерьлердегі санитариялық талаптардың сақталуы тұрақты бақылауда, ал анықталған кемшіліктер жойылуда.Жалпы,биыл жазғы сауықтыру маусымына дайындық жоспарлы түрде жүргізілуде,- деп атап өтті Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті білім беру және тәрбиелеу объектілерін бақылау бөлімінің басшысы Гульнара Жакиянова.