2026 жылғы 21 ақпан күні Абай облысы Көкпекті ауданының аудандық кітапхана ғимаратында жас медицина қызметкерлерінің қатысуымен Конституциялық реформаны талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Слямбек Насырбаевич Мукашев Конституциялық реформаның негізгі бағыттары мен маңызы туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ол алдағы өзгерістердің мемлекет дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, әрбір азаматтың ел болашағына бейжай қарамай, белсенділік танытуы аса маңызды екенін жеткізді.
Дөңгелек үстел барысында жас медицина қызметкерлері де өз ой-пікірлерін білдіріп, мазмұнды сұрақтар қойды.
Мәселен, хирург Асыл Ғабитұлы өз сөзінде:
Менің ойымша, Конституциялық реформа дер кезінде қолға алынып отыр. Қазіргі қоғам дамуы жаңа талаптар мен заманауи көзқарасты қажет етеді. Реформа – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын одан әрі қорғауға, заң үстемдігін нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам. Әсіресе медицина саласында қызмет атқарып жүрген жас маман ретінде мен тұрақтылық пен әділеттілік қағидаттарының күшеюін қолдаймын. Себебі халықтың денсаулығын қорғау – тек кәсіби міндет қана емес, сонымен қатар құқықтық кепілдіктермен де тығыз байланысты. Сондықтан бұл реформаны еліміздің болашағы үшін маңызды әрі уақтылы шешім деп санаймын, — деп атап өтті.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен ойлар ортаға салынды. Мұндай кездесулер азаматтық белсенділікті арттырып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға ықпал ететіні ерекше атап өтілді.



























