Бүгін су ресурстарын тиімді пайдалану және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған семинар өтті. Іс-шараға сала мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері, студенттер мен оқытушылар қатысып, су ресурстарын басқару бағытындағы өзекті мәселелер мен тиімді тәжірибелерді талқылады.
Жиын барысында Қазақстанның су ресурстары шектеулі елдердің қатарына жататыны атап өтілді. Мамандардың айтуынша, еліміздегі орташа жерүсті су қоры шамамен 106 км³ болса, оның 44 пайызы көршілес мемлекеттерден келеді. Осыған байланысты су ресурстарын ұтымды пайдалану және үнемдеу мәселесі ерекше маңызға ие.
«Су – стратегиялық маңызы бар ресурс. Бүгінде су инфрақұрылымын жаңғырту, су қоймаларын салу және ирригациялық жүйелерді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді сала мамандары.
Сонымен қатар, семинар барысында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында су үнемдеу технологияларын енгізудің маңызы ерекше екені айтылды. Мамандардың пікірінше, мұндай технологияларды кеңінен қолдану су ресурстарын тиімді басқаруға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді.
«Қазіргі таңда елімізде су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 2030 жылға дейін мұндай технологиялар қолданылатын жер көлемін айтарлықтай ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде миллиардтаған текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді Ерлан Сауықұлы.
Семинар барысында су ресурстарын қорғау, экожүйелерді сақтау және қоғамда суды ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыру мәселелері де кеңінен талқыланды.


























