«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының Абай облыстық филиалы өңірде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді жалғастыруда.
Рухани мұра мен тарихи таным тоғысқан мәдени кеңістік — Ф.М. Достоевский атындағы музейде өткен кездесу мәдениет саласының өкілдері мен коалиция мүшелері арасындағы мазмұнды диалог алаңына айналды.
Кездесуге коалиция мүшелері және Абай облыстық мәслихатының депутаттары Мерей Қарт пен Анжела Маслова қатысып, Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндірді. Спикерлер құжатта мәдениет, өнер және кино индустриясын дамытуға арналған нормаларға ерекше тоқталып, шығармашылық еркіндікті қорғау, ұлттық мәдени мұраны сақтау, отандық өнерді жүйелі қолдау және мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі мен кепілдіктерін арттыру мәселелерін кеңінен жеткізді.
Мерей Қарт өз сөзінде: «Қазіргі Жаңа Конституция жобасы преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Оның преамбуласына мәдениет, білім және инновация азаматтық қоғам мен мемлекет үшін жаңа құндылық ретінде енгізілген. Бұл — мәдениет саласы үшін үлкен мүмкіндік. Біз шығармашылық еркіндікті қолдай отырып, ұлттық мұраны сақтау және дамыту жолында нақты құқықтық кепілдіктерге ие боламыз», — деді.
Жиын барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Ашық форматтағы кездесу сенім мен конструктивті талқылау жағдайында өтті. Мәдениет саласының өкілдері Жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, алдағы референдумға белсенді қатысатындарын жеткізді.
Коалицияның өңірлік филиалы алдағы уақытта да түрлі еңбек ұжымдары мен сала өкілдері арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.



























