Жыл басынан бастап Қазақстанда автокөлік иелеріне мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің МТНБ әріптік-сандық комбинациясын өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін жаңа тетік іске қосылды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатындада Абай облысы Полиция департаментінің процессингтік орталығының бастығы, полиция майоры Әділ Бегімханов баяндады.

Аталған жаңа ережелер биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді және қалаған кез келген цифрлық әрі әріптік белгілері бар мемлекеттік тіркеу нөмірін еркін таңдауға мүмкіндік береді. Қызметті алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚКО-ға жүгінуіне немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы өтінім беруіне болады.

Тапсырыспен дайындалатын мемлекеттік нөмірлік белгілердің құны таңдалған комбинацияға байланысты 10 АЕК – 43 250 теңге және 15 АЕК – 64 875 теңгені құрайды. Ал сұранысы жоғары нөмірлік белгілерге жеке мемлекеттік баж мөлшерлемелері қарастырылған. Жеке МТНБ дайындау мерзімі 15 жұмыс күніне дейін болады.

Жаңа талаптар күшіне енгеннен бері Абай облысы бойынша тапсырыспен дайындалатын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілеріне 768 өтінім қабылданды. Бұл аталған тетіктің өзекті екенін және цифрлық сервистердің азаматтарға қызметті ыңғайлы әрі ашық түрде алуға мүмкіндік беретінін көрсетеді, – деді спикер.