Тұрғын үй құрылысы қоршаған ортаға және санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға елеулі әсер етеді.

Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қалдыбатыр кеңінен тарқатты.

- Қазіргі уақытта көпқабатты тұрғын үйлердің кешендері санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының қатысуынсыз жаппай салынуда. Жер учаскелерін бөлу кезінде санитарлық-қорғаныш аймақтары мен санитарлық арақашықтықтарды сақтау мәселелері толық көлемде ескерілмей келеді. Соның салдарынан тұрғын үйлер жанармай құю бекеттеріне, автокөлікке қызмет көрсету нысандарына, қазандықтарға және өзге де ықтимал ластаушы объектілерге тым жақын орналасып жатады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының құрылыс объектілеріне алдын ала қадағалау жүргізбеуі, сондай-ақ жоспарланып отырған құрылыс туралы тиісті хабарламалардың берілмеуі санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын талаптардың бұзылуына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлар анықталған кезде, халықтың шағымдары негізінде объектілердің қызметін шектеу немесе тоқтату мәселелері қаралады, - деді Әділ Қалдыбатыр.

Санитариялық-қорғаныш аймақтары – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында белгіленетін арнайы аумақтар. Бұл аймақтарда тұрғын үйлерді, балалар және білім беру ұйымдарын, демалыс және рекреациялық аймақтарды, спорт ғимараттарын, медициналық мекемелерді, сондай-ақ азық-түлік өнімдерін өндіру мен сақтауға арналған объектілерді орналастыруға қатаң тыйым салынады. Бұл туралы Семей қалалық санитариялық - эпидемиологиялық бақылау басқармасының өнеркәсіп және коммуналдық объектілерді бақылау бөлімінің басшысы Ажар Жадранова толықтырды.

- Тұрғын үй құрылысы қоршаған ортаға және санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға елеулі әсер етеді. Осыған байланысты құрылыс кезеңдерінде санитариялық қағидалардың талаптарын сақтау, санитарлық қызмет мамандарының қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізу, жобалардың санитарлық-экологиялық сараптамасын жүргізу, ауа, топырақ және су ресурстарын қорғау шараларын қабылдау қажет, - деп атап өтті спикер.

Мамандардың айтуынша, адам уақытының басым бөлігін тұрғын үйде өткізетіндіктен, тұрғын үй гигиенасы – халық денсаулығын сақтаудың маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты елді мекендерді жоспарлау, құрылыс салу және пайдалану кезеңдерінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудың басты шарты болып табылады.