Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін және мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту бағытында жүйелі реформалар жүзеге асырылуда. Бұл ретте мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, кәсіби әрі құзыретті кадрларды қалыптастыру, сондай-ақ азаматтарға бағдарланған мемлекеттік қызмет моделін дамытуға ерекше мән берілуде. Жүргізіліп жатқан реформалар мемлекеттік қызметтің заманауи талаптарға сай болуын қамтамасыз етуге, оның ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – мемлекеттік қызмет саласындағы құқықтық негіздерді жетілдіруге бағытталған жаңа заңнамалық өзгерістердің енгізілуі.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңы ағымдағы жылдың 1 шілдесінде күшіне енді. Заң Қазақстан Республикасының 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленіп, мемлекеттік қызмет моделін одан әрі жаңғыртуға бағытталған және еліміздің жаңа Конституциясына толық сәйкестендірілген. Заңның негізгі бағыттары мемлекеттік қызметтің миссиясын бекіту, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және кадрлық процестерді цифрландыру. Осы мақсатта Заңда мемлекеттік қызметтің мақсаты мен оны өткеру қағидаттарын, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге және олардың лауазымдық міндеттеріне қойылатын талаптарды бекіту көзделген.
Заң мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделін енгізуді көздейді. Олар мемлекет көрсететін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекет алдында тұрған міндеттерді тиімді орындауға бағытталған. Заңда мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен әдептілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел институтын енгізу көзделген. Жас әрі талантты мамандарды тарту мақсатында заңда мемлекеттік қызметке кіруге даярлау институтын енгізу қарастырылған. Ол мемлекеттік функцияларды тиімді орындауға қажетті құзыреттерді қалыптастыру мен дамытуға бағытталған білім беру іс-шаралары кешенін қамтиды.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметке іріктеуді толық цифрлық форматқа көшіру. Кандидаттарды іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Заңда бір лауазым шеңберінде көлденең ілгерілету тетігін енгізу көзделген. Ол «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері үшін лауазымдық деңгейді белгілеуді қарастырады және олардың лауазымдық жалақысының мөлшері осы деңгейге байланысты болады.
Заңда тәртіптік жазалардың қолданылу мерзімдері олардың ауырлығына қарай сараланған. Сонымен қатар жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, сондай-ақ жауапкершілікті болдырмайтын негіздерді бір мезгілде ескеруге мүмкіндік беретін нормалар айқындалған. Тәртіптік жазалармен қатар құқықтық ықпал етудің қосымша шаралары да көзделген. Олардың қатарына профилактикалық әңгімелесу, құзыреттерді тексеру және мемлекеттік қызметшілер қызметіндегі бұзушылықтардың алдын алуға әрі оларды жоюға бағытталған өзге де шаралар енгізілген. Сондай-ақ, қызметтік әдеп талаптарын сақтау, мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін жауапкершілік қолдану мәселелері реттелген.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметке дарынды және талантты жастарды тарту бағытында да оң өзгерістер күтілуде. Мысалы, жоғары оқу орындарын GPA көрсеткіштері 3,33 және одан жоғары үлгеріммен үздік аяқтаған түлектер үшін басшылық емес мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстан тыс орналасу мүмкіндігі берілді. Бұдан бөлек, болашақта кәсіби өмірін мемлекеттік қызметке арнаймын деген мектеп түлектері үшін де арнаулы мемлекеттік тапсырыс әзірлеу арқылы талапты жастарды мемлекет есебінен оқытып, артынша мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдану мүмкіндігі берілмек.
Осылайша, 1 шілдеден бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңіне жол ашып отыр. Оның басты мақсаты – мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, басқару үдерістерін заманауи талаптарға бейімдеу және қоғам алдындағы ашықтық пен жауапкершілікті күшейту.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті



























