Жастар саясаты мемлекетіміздің стратегиялық дамуы үшін аса маңызды бағыттардың бірі болып табылады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев баяндады.

Жастар саясаты аясында облысымызда ірі жобалар жүзеге асырылды. «ASK CAMP» республикалық форумы, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары, «240 сағат ауылда» жобасы, сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мәдени-рухани шаралар жастардың белсенділігін арттырып, олардың әлеуетін ашуға мүмкіндік берді. Әсіресе, экологиялық акцияларға, интеллектуалдық ойындарға және волонтерлік қозғалыстарға жастардың кеңінен қатысқанын атап өтуге тұрарлық, – деді басқарма басшысы. 

«Жасыл ел» бағдарламасы да жүйелі түрде жүзеге асуда. Биыл бағдарлама аясында 1000 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Оның ішінде студенттерден бөлек NEET санатындағы жастар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары тартылды. Барлық қатысушылар еңбек шартымен рәсімделіп, арнайы киім-жабдықпен қамтылды. Айлық еңбекақы 85 мың теңге көлемінде төленіп, қосымша 35 394 теңге мөлшерінде төлем қарастырылды.

NEET санатындағы жастармен жұмыс ерекше назарда. Егер 2023 жылы олардың саны 4 570 болса, 2025 жылдың қыркүйегінде 2 917-ге дейін төмендеді. Жыл басынан бері облыста 149 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 1 540 жас пен 580 жұмыс беруші қатысты. Соның нәтижесінде 966 жас тұрақты жұмысқа орналасты, ал 140 жас Skills.enbek.kz платформасы арқылы жаңа дағдыларды меңгерді. Тек Семей қаласының өзінде қаңтар айында тіркелген NEET санатындағы 2 617 жастың саны қазан айына қарай 2 071-ге дейін азайды, - деді Олжас Бейсенбаев. 

Спикердің айтуынша. облыста жастар саясаты жүйелі түрде іске асырылып келеді. Жастарды еңбекке тарту, білім беру сапасын арттыру және NEET санатындағы жастардың санын қысқарту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасын табатын болады.