Жеңімпаздар қатарында еңбек әулеті, жас жұмысшылардың тәлімгерлері, жұмысшы мамандық иелері бар.

Марапаттау рәсімі «Еңбекші жастар» фестивалі аясында өтті. Пленарлық сессия барысында жұмысшы жастардың болашағы және мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерсін Құдайбергеновтің айтуынша, байқаудың аймақтық кезеңіне түрлі саладан 20 өкіл қатысыпты.

Қазақстанда қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтеді. Оның негізгі мақсаты – еңбек өнімділігін ынталандыру, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және жастардың назарын осы салаларға аудару. «Еңбек күніне» орай «Еңбек жолы – 2025» байқауы өткізіледі. Оған әртүрлі саладағы 20 маман қатысып, «Үздік еңбек әулеті», «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» және «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациялары бойынша бақ сынады, – деді спикер.

«Үздік еңбек әулеті» номинациясының жеңімпазы болып Әділхановтар әулеті танылды. Әулеттің жалпы еңбек өтілі – 233 жыл. Қазбек Әділханов – әкесі Идрис Әділхановтың еңбек дәстүрін жалғастырып, 1980 жылдан бері Аягөз жөндеу депосында жұмыс істейді. Бүгінде ол техникалық бақылау бөлімінің бастығына дейін көтерілген.

«Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» номинациясында бірінші орынды «Шығыстүстімет» ЖШС қызметкері Нұрлан Байбутинов иеленді. Оның еңбек өтілі – 21 жыл. Осы уақыт аралығында Нұрлан Байбутинов үздік қызметкер атанып, бірнеше мәрте марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды.

«Үздік жас өндіріс қызметкері» атағына Айбар Айдарұлы лайық деп танылды. Ол әріптестеріне қарағанда ұзақ еңбек етіп үлгермесе де, қазірдің өзінде бірнеше күрделі жерасты мамандықтарын меңгеріп үлгерген. Сондай-ақ ол «Шығыстүстімет» ЖШС-де жұмыс істейді және тапсырмаларды стандарттан тыс тәсілдермен шешуге ұмтылады.

Маған байқауға қатысуды ұсынғанда, күшімді сынап көруге бел будым. Қатысуға қажетті бейнероликтерді түсіріп, өтінім бердік. Әрине, жеңіске жеткеніме қатты қуаныштымын, бірақ бұл әзірге тек аймақтық кезең екенін ұмытпау керек. Алда – келесі кезең, қазір сол үшін дайындалу маңызды, – деді Айбар Айдарұлы.

Әр лауреат қаржылай сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болды.