Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі – меритократия. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген бұл қағидат мемлекеттік қызметке іріктеудің кәсіби құзыреттер, лауазымдық міндеттерін тиімді орындауы және біліктілік талаптарына сай болуы негізінде жүзеге асырылатынын білдіреді.
Мемлекеттік қызмет бойынша ілгерілету мемлекеттік қызметшінің біліктілігін, құзыреттерін, қабілеттерін, оның қызметінің нәтижелерін, сондай-ақ лауазымдық міндеттерін адал орындауы ескере отырып, жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдарға орналасуды көздейді.
Заңнамада ауысу тәртібімен және қызмет нәтижелерін бағалау қорытындысы бойынша жоғары тұрған бос мемлекеттік лауазымдарға жоғарылату мүмкіндігі көзделген.
Сонымен қатар, заңнамада мемлекеттік қызметтің жоғары стандарттарын қолдауға бағытталған шектеулер қарастырылған. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін, қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған күнінен бастап алты ай ішінде ауысу тәртібімен және қызметін бағалау нәтижесі бойынша қызметте ілгерілеуге жол берілмейді.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Абай облысында меритократия қағидаты бойынша 53 мемлекеттік қызметші жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды.
Олардың ішінде 18 адам ауысу тәртібімен жоғарылатылды. Оның ішінде 6 жергілікті атқарушы органдардың, ал 12 орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері.
Сонымен қатар, қызмет нәтижелерін бағалау қорытындысы бойынша 35 мемлекеттік қызметші жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды. Оның ішінде 34 жергілікті атқарушы органдардың, ал 1 орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің мемлекеттік қызметшісі.
Осылайша, қолданыстағы мемлекеттік қызмет бойынша ілгерілетудің жүйесі объективтілік, кәсібилік және жеке жауапкершілік қағидаттарына негізделген. Бұл жүйе қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ неғұрлым құзыретті әрі адал мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуіне ықпал етеді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті
Фото istockphoto



























