Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли баяндады.

Абай облысында инвестиция тарту және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері облыс әкімі Берік Уәли 100-ден астам шетелдік инвестормен кездесті. Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік конференциясы аясында Қытай Халық Республикасының ірі компанияларымен жалпы құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды. Бұл келісімдер логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және басқа да маңызды бағыттарды қамтиды.

Қазіргі уақытта қытайлық серіктестердің қатысуымен жалпы құны 39,5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба іске асырыла бастады. Сонымен қатар, өңірден шыққан танымал тұлғалар, кәсіпкерлер мен меценаттардың қатысуымен өткен «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумында жалпы сомасы 336 млрд теңгеге 15 маңызды келісім жасалды. Оның ішінде жалпы сомасы 31,7 млрд. теңгені құрайтын 2 жобаны іске асыру басталды. Бұл форум облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жергілікті бизнестің жаңа серпін алуына ықпал етті, – деді облыс әкімі. 

Индустриялық инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Семей қаласындағы аумағы 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағында 3 жаңа жобаларға жер беріліп, толық игерілді. Индустриялық аймақты 186 гектарға дейін кеңейтіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмыстары қолға алынып жатыр.

Өңірге инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Осыған орай Семей қаласының өнеркәсіптік аймағында арнайы экономикалық аймақ құру үшін 500 гектар жер бөлу жоспарлануда. Бұл жоба жаңа өндіріс орындарын ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге және өңірдің тұрақты экономикалық дамуына серпін береді.