Партияның ұйымдастыруымен «Әйел Кәсіпкер: Қуат. Қадам. Өзгеріс» атты екі күндік семинар өз жұмысын бастады. Семинарды «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының мүшесі Әлия Тоқсанбаева жүргізеді.

Іс-шара барысында қатысушы әйелдер коммуникация, профайлинг және келіссөздердегі ықпал ету тәсілдерін меңгеріп, өздерінің тұлғалық стилін анықтауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, олар қарым-қатынаста сенімді әрекет етудің тиімді жолдарын үйреніп, жасанды интеллект көмегімен клиент портретін жасау, презентациялар мен ұсыныстар дайындау және бизнес-конверсияны арттыру бойынша практикалық дағдыларға ие болады.

Келіссөздер мен рөлдік жаттығулар арқылы қатысушылар нақты жағдайларда туындайтын қарым-қатынас қиындықтарын шешудің тиімді тәсілдерін тәжірибеде қолданды. Тренер Әлия Тоқсанбаева әйелдер арасында тұрақты қолдау жүйесін қалыптастыру мақсатында 3 айға арналған шағын топтар құрылатынын айтып, қатысушылардың бір-бірімен кәсіби байланыс орнатуына жағдай жасалатынын атап өтті.