Бүгін облыс әкімі Берік Уәли облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Конституциялық комиссия мүшесі, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мейрамхат Айнабеков модераторлық еткен жиында қоғамдық кеңестердің қызметі, жаңа Конституцияның мән-маңызы талқыланды.
Аймақ басшысы қоғамдық кеңестердің елдегі есеп беретін мемлекет қағидатын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отырғанын атап өтті.
Қазіргі кезеңде мемлекеттік басқару жүйесіне қойылатын негізгі талаптардың бірі – ашықтық пен объективтілік. Осы тұрғыда қоғамдық кеңестердің рөлі бұрынғыдан да арта түсуде. Мемлекеттік органдардың жүйелі әрі нәтижелі жұмыс істеуі үшін қоғаммен тұрақты байланыс орнату аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қоғамдық кеңестердің әлеуетін толық пайдалану және олардың тиімділігін арттыру қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Сондықтан бүгінгі кездесу – осы институттың өңірдегі жұмысын одан әрі күшейтіп, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған маңызды алаң деп есептеймін, – деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы жаңа Конституция жобасының Президенттің соңғы жеті жыл бойы кезең-кезеңімен жүзеге асырып келе жатқан саяси реформаларының қисынды жалғасы екенін атап өтті.
Өздеріңізбен үлкен өзгерістердің алдында арнайы кездесіп отырмыз. Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент конституциялық реформаның қоғамда кең қолдау тауып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданатынын нақты айтты. Жаңа Конституция – Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның берік іргетасы. Бүгінгі талқылау ашық, мазмұнды, нақты ұсыныстарға толы болды. Әр пікір – маңызды. Әрбір ұсыныс – құнды. Себебі, біз талқылап отырған мәселе – бір күндік саясат емес, ұлттың ұзақ мерзімді болашағы. Барлық айтылған ойдың түп-тамыры бір-ақ нәрсеге тіреледі: күшті мемлекет – ең алдымен әділетті мемлекет. Ал әділетті мемлекет – адамға қызмет ететін мемлекет, – деді облыс әкімі.
Кездесуде Конституциялық комиссия мүшесі, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мейрамхат Айнабеков жаңа Конституцияның маңызына тоқталды.
Ұсынылып отырған жаңа жоба ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлі отбасылық құндылықтарымызды бекемдеуге бағытталған. Жалпы, жаңа Конституция – тек заңдық құжат қана емес, ол – біздің ұлттық санамыздың, мәдениетіміздің және рухани тірегіміздің айнасы, – деді ол.
Жиын барысында облыстық қоғамдық кеңес мүшелері – «Ауыл» партиясының Абай облыстық филиалының төрағасы Қайрат Смағұлов, ТВК-6 телеарнасының журналисі Вера Кропачева, сот жүйесінің ардагері Ғибрат Валиев және «Абай облысы Желтоқсан – 86» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Эльмира Жүрсінбекқызы сөз сөйлеп, өз пікірлерін білдірді.
Республикалық жеті партияның өкілдері кіретін облыстық қоғамдық кеңес мүшелері жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын жеткізіп, аталған құжат мемлекеттің алдағы уақытта орнықты дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті.



























