Конституциялық реформаның кезекті кезеңі қоғамның үнін ескеретін басқару моделін заң жүзінде бекітуге бағытталған.
PhD докторы, профессор Арайлым Оразғалиева Конституциялық комиссия әзірлеген жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, ұсынылып отырған құжат елдегі саяси-құқықтық жаңғыру үдерісінің логикалық жалғасы болып табылады.
Профессордың атап өтуінше, жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, саяси партиялар мен сарапшылардан түскен ұсыныстардың кеңінен ескерілуі мемлекеттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын институционалдық деңгейде бекітіп отырғанын көрсетеді. Бұл қадам қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған.
Құжаттағы маңызды жаңалықтардың бірі – Конституция преамбуласының толықтай жаңартылуы. Арайлым Оразғалиеваның пікірінше, бұл норма Қазақстанның тарихи сабақтастығын сақтай отырып, қазіргі даму бағыты мен болашақ стратегиялық мақсаттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жаңартылған преамбула Конституцияның тек құқықтық құжат ретіндегі рөлін ғана емес, оның құндылықтық негізін де айтарлықтай күшейтеді. Бұл өз кезегінде азаматтық бірегейлікті нығайтып, елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған ортақ мақсаттарды қалыптастыруға ықпал етеді.
Профессордың айтуынша, жаңа Конституция қоғамның сұранысына жауап беретін, заманауи әрі орнықты мемлекет құруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

























