Жарияланған Конституция жобасы мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті қайта айқындап, билік жүйесін заман талабына сай жаңғыртуды көздейді.
Alikhan Bokeikhan University тәрбие ісі жөніндегі проректоры Айрат Базенов Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мәтінінің жариялануына байланысты өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, ұсынылып отырған Ата Заң еліміздің жаһандану мен цифрлану дәуіріндегі ұзақ мерзімді дамуына бағытталған маңызды құжат болып отыр.
Айрат Базенов атап өткендей, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған Конституция мемлекеттің негізін қалап, егемендікті нығайтуға қызмет етті. Ал бүгін ұсынылған жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен қатар, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуді мақсат етеді.
Жаңа Конституция билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен тежемелік қағидаттарына негізделген басқару моделін қалыптастырып, адамның еркін дамуына жағдай жасауға және қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Ата Заң тек құқықтық құжат емес, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікке негізделген қоғамдық шарт ретінде қарастырылады.
Проректордың пікірінше, әрбір азаматтың бұл үдерістен шет қалмай, өз пікірін білдіруі демократиялық қоғамның маңызды белгісі. Конституциялық өзгерістерге белсенді қатысу – қоғамның саяси мәдениетінің көрсеткіші.
Сонымен қатар, 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан саяси және экономикалық реформалар суперпрезиденттік басқару үлгісінен әділеттілік пен демократиялық қағидаттарға сүйенген билік жүйесіне кезең-кезеңімен өтуді көздейді. Бұл өзгерістер тек ішкі қоғамдық сұраныстың нәтижесі емес, Қазақстанның жаһандық өркениеттің бір бөлігі ретіндегі дамуына да байланысты.
Айрат Базеновтің айтуынша, әлемдік даму логикасына сай келетін заманауи саяси жүйе қалыптастыру – уақыт талабы. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция еліміздің тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуына берік құқықтық негіз болады деген сенім бар.

























