Мемлекеттік мекемелерді ұтымды бастама көтеруге, дербес шешім қабылдауға ынталандыру қажет. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. 

— Бірақ бұл ауқымды жұмысты мемлекеттік басқару жүйесін реформалау ісінен бастауымыз керек. Конституция заңды күшіне енген соң еліміздің саяси жүйесі толық жаңғырды. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер алдында тұрған міндеттер де күрделене түсті. Қазір билік жүйесін дамытудың жаңа стратегиясына сәйкес осы саланы түбегейлі реформалау қажеттігі туындап отыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бұл үдерісте тұтас мемлекеттік аппараттың және әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс тиімділігін арттыру маңызды міндет болуға тиіс.

— Ең алдымен, Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарау қажет. Билік жүйесі цифрландыру дәуірінің талаптарына сай жұмыс істеп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуі керек. Мемлекеттік мекемелерді ұтымды бастама көтеруге, дербес шешім қабылдауға ынталандыру қажет, — деді Мемлекет басшысы.