Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік төлемдердің көбеюін мемлекеттік басқарудағы әлсіздіктің белгісі деп атады. Президент негізсіз жәрдемақылар мен төлемдердің көбеюі мемлекеттік қаржының мақсатсыз жұмсалуына және әлеуметтік нысандар тапшылығының күшеюіне әкелгенін айтты.

Оның айтуынша, «Халықтық құрылыс» бастамасының қажеттілігі тек экономикалық міндеттермен байланысты емес. Мұнда жылдар бойы қордаланған құрылымдық мәселелер де бар.

– Халық санының артуы мен ел ішіндегі көші-қон әлеуметтік нысандарға түсетін жүктемені арттырып отыр. Басым көпшілігі онсыз да шегіне жеткенше жұмыс істеп тұр. Бұл мәселе кеше ғана пайда болған жоқ, – деп атап өтті Президент.

Президент ондаған жылдар бойы мемлекеттік басқарудағы қателіктер мен кемшіліктерді жасыру үшін әлеуметтік көмекті көбейтіп, халықтың көңілін табуға тырысу жиі кездескенін айтты.

Соның салдарынан мемлекеттік қаржы мақсатсыз жұмсалды: көмекке мұқтаж емес, тұрмысы жақсы отбасылар да түрлі төлемдер алып отырды. Ал қолжетімді мектептер мен ауруханалар тапшылығы үдей түсті.

– Мұндай саясат қоғамда мемлекеттің көмегіне арқа сүйейтін масылдық көзқарастың қалыптасуына ықпал етті. Сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде заңсыз пайда табу мен жемқорлыққа жол ашты. Негізсіз жәрдемақылар мен төлемдердің шамадан тыс көбеюі мемлекеттік басқару жүйесінің әлі де жетілмегенін, тіпті әлсіздігін көрсетеді. Бұл – ұлттың жарқын болашағын алдын ала ойластырып, ұзақ мерзімді жоспар құруға жеткілікті мән берілмегенінің белгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, бюджет қаржысы есебінен халыққа көмектескендей көріну – барып тұрған популизм.

Мұндай жалған жанашырлықтың тасасында халықтың мүддесіне және елдің тұрақты дамуына нұқсан келтіретін түрлі айла-шарғы жатуы мүмкін.

– Бұл – тек бүгінгі күннің қамын ойлап, болашақты бағамдай алмайтын, мемлекеттік мүддені кең тұрғыдан түсінбейтін адамдардың көзқарасы. Сондықтан әлеуметтік саясатты түбегейлі қайта қарап, оны уақытша мәселелерді шешуге емес, ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарға бағыттау маңызды, – деді Мемлекет басшысы.