Еліміздің индустриялық-технологиялық тұрғыдан жедел дамуына қажетті тетіктерді әзірлеу керек. Бұл туралы Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Бұған қоса, еліміздің индустриялық-технологиялық тұрғыдан жедел дамуына қажетті тетіктерді әзірлеу керек. Қазақстан – минералдар мен шикізатқа бай мемлекет. Бұл – біз үшін стратегиялық жетістік. Сондықтан геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек, - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің атап өтуінше, озық технологиялардың көмегімен еліміздің жер қойнауын толыққанды зерттеп, деректердің ашықтығын және қолжетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жаңа кен орындарын іздеу және барлау үдерісіне жеке қаражатты белсенді тартқан жөн.
- Бәріңізге мәлім, қазір айрықша маңызды металдардың рөлі артып келеді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бізге де осындай металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет. Аталған жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуға тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымынша, елімізде осы бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарт жасау арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз еткен жөн.
- Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Осы мәселені кәсіпкерлермен бірлесе талқылап, жыл соңына дейін маған нақты ұсыныс енгізу қажет, - деді Президент.


























