Үкімет Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін құру жұмысын қысқа мерзімде аяқтауы керек. Бұл туралы Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Еліміздегі су тапшылығы мәселесі жүйелі әрі батыл шаралар қабылдауды талап ететінін ерекше атап өткім келеді. Ең алдымен, қазіргі жағдайда құндылығын асыра бағалау қиын су ресурстарын ұтымды әрі үнемді пайдалану қағидаттарын барлық жерде енгізу қажет. Үкімет пен әкімдіктер су тұтынуды бақылауды күшейтіп, желілердегі шығынды азайтуға және ауызсуды мақсатсыз пайдалануға, оның ішінде автокөлік жуу орындарында жұмсауға жол бермеуге тиіс. Су өзінің нақты құнымен бағалануы керек. Менің тапсырмам бойынша Үкімет су тұтыну саласында ауқымды тарифтік реформаны бастады. Оны қисынды аяқталуына дейін жеткізу қажет,- деді Мемлекет басшысы.

Президент суға ұқыпты қарау шаруашылық жүргізудің міндетті қағидатына айналуы керектігін баса айтты.

- Су ресурстарын толық әрі нақты есепке алу үшін цифрлық құралдарды кеңінен пайдалану аса маңызды. Бұл жаңа өндіріс орындарын жоспарлау кезінде негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондықтан Үкімет Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін құру жұмысын барынша қысқа мерзімде аяқтауы керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото ИИ Gemini