Үкімет ЮНЕСКО және ИСЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілетудің 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Оның жеке бөлімі «Әлем жады» бағдарламасы шеңберіндегі деректі мұраға арналған. ЮНЕСКО тізіміне қандай нысандар енгізілгені және Қазақстаннан қандай номинациялар жіберілгені туралы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова айтып берді.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне төрт деректі мұра ұсынып отыр. Олардың қатарында Қожа Ахмет Яссауиге, «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысына қатысты материалдар мен Арал теңізіне арналған деректі мұра, сондай-ақ өткен жылы тізімге енгізілген «Хандар шежіресі» бар.

Енді қазір Қазақстан халықаралық тізілімге жаңа номинациялар жолдады. Олардың арасында Абай Құнанбаевтың шығармаларымен байланысты деректі мұра, сондай-ақ «Қыз Жібек» атты алғашқы қазақ операсы бойынша материалдар бар.

Сонымен қатар, Қазақстан ЮНЕСКО-ның Орталық Азия мен Азия-Тынық мұхиты өңірі елдеріне аналған өңірлік тізіліміне де қатысып жатыр. Өңірлік тізімге екі құжат – Есік қорғанынан табылған Есік тостағанындағы руна жазулары мен Мәшһүр Жүсіп шығармаларына байланысты құжаттар жіберілді.

Сондай-ақ 2025 жылы Ұлттық комитет алғаш рет «Әлем жады» деректі мұрасының ұлттық тізімін жасап, бекітті.

Бүгінде оған 79 нысан кіреді. Алдағы уақытта тізімді 500-ге дейін кеңейту жоспарда бар, өйткені Қазақстанда осы тізімде болуға лайықты 6 мыңға жуық деректі мұра нысаны бар,  — деп атап өтті Күміс Сейітова.

Оның айтуынша, алдағы уақытта ЮНЕСКО-ға жаңа номинациялар осы Ұлттық тізімнен алынып ұсынылатын болады. Бұл ретте, ұйымның қағидаларына сәйкес әрбір ел халықаралық және өңірлік тізілімдерге енгізу үшін екі жылда бір рет бір нысаннан ғана өтініш бере алады.

Өңірлік тізімге өтінімдерді қарау нәтижелері 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында белгілі болады, ал халықаралық тізілімге өтінімдер келесі жылы қаралады.

Фото ЖИ Recraft