Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Ташкентке мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және дәстүрлі қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірді.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі дамыту перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.

Президенттер сауда, өнеркәсіп кооперациясы, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары секілді басым бағыттардағы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін қарастырды.

Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты

Жиынның күн тәртібінде екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су-энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы қонақжайлығы үшін Президент Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, сапарының басты мақсаты – қос халықтың достығын нығайтып, тату көршілік байланыстарын күшейту, сондай-ақ түрлі саладағы өзара тиімді ықпалдастықты дамыту екеніне назар аударды.

Құрметті Шавкат Миромонович, Өзіңіздің қажырлы еңбегіңіздің арқасында еліңізде көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамалар қолға алынды. Өзбекстан – біз үшін туыстас, ағайын ел, тату көрші әрі сенімді серіктес. Қос ел арасындағы достықтың тамыры терең, халықтарымыздың рухани құндылықтары ортақ деуге болады. Қазақ-өзбек қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуал аумалы-төкпелі кезеңде сан қырлы ықпалдастықтың даму қарқынын арттыру қажет екенін атап өтті.