Былтыр 9 айдың қорытындысы бойынша ауданның негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 147,3 % артқан. Бұл өсім аудан экономикасының тұрақты дамуы мен инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын айғақтайды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгельдин баяндады.
- Ауданда бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. «Бақты» ауылында жүктерді өңдеу және жинақтау бағытындағы көлік-логистикалық хабтың құрылысы басталды. «Di-Nur Company» ЖШС жалпы құны 7 млрд теңге болатын май өндіру және құрама жем зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ «Qazaq Oil», «Royal Petrol» және «Лукойл»компаниялары жанар-жағармай құю станцияларын салуда. Бұдан бөлек, «Бақты – Аягөз» теміржолы мен «Бақты» өткізу пунктін жаңғырту жобалары ауданның көлік әлеуетін арттырып, экономикалық серпін бермек, - деп атап өтті аудан әкімі.
Сонымен қатар, құрылыс саласында да оң нәтижелер байқалады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 7 379 шаршы метрге жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 323,3 % өсім көрсетті. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 59 жеке үйдің (118 пәтер) құрылысы жүргізілуде.
- Жол және инфрақұрылым саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. 1 млрд 755 млн теңге қаржыға 41 шақырым жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Мақаншы – Көктерек – Қызылбұлақ, сондай-ақ Келдімұрат, Қаратұма және Бақты ауылдарының көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, Мақаншы ауылындағы Жеңіс саябағы мен Қабанбай батыр ескерткіші маңында демалыс аймақтары жаңғыртылып, көше жарықтандыру жүйелері орнатылды. Бұл шаралар ауданның келбетін жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған, - деді спикер.