Абай облысының Бесқарағай ауданында Конституциялық реформаны талқылауға арналған кездесу өтті. Іс-шараға Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері және қоғам өкілдері қатысып, республикалық референдум өткізу бастамасына қолдау білдіріп, ұсынылып отырған өзгерістердің ел дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында қатысушылар әділеттілік, заң үстемдігі қағидаттарын нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғау мәселелерінің өзектілігін ерекше атап өтті. Қоғам өкілдерінің пікірінше, Конституцияны жетілдіру – саяси жүйені жаңғыртудың, демократиялық институттарды нығайтудың және мемлекет дамуының жаңа кезеңіне өтудің маңызды қадамы.

Аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кизат Каирханов өз сөзінде референдум өткізу туралы шешімнің тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық референдум өткізу туралы шешімі – еліміздің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды қадам. Конституциялық реформа мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, әділеттілік қағидаттарын нығайтуға және азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге бағытталған. Біздің аудан тұрғындары бұл бастамаларды қолдап отыр, өйткені олар халықтың мүддесіне және Қазақстанның болашағына қызмет етеді,  - деді Кизат Каирханов.

Талқылау барысында қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістер қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және ұлттық құндылықтарды сақтауға ықпал ететінін атап өтті. Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің өкілдері Конституциялық реформаның елдің тұрақты әрі жүйелі дамуына берік негіз қалайтынын жеткізді.

Кездесу соңында қоғам өкілдері аудан тұрғындарын азаматтық белсенділік танытып, алдағы референдумға қатысуға шақырды. Олар әрбір азаматтың қатысуы – мемлекеттілікті нығайтуға, тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыруға қосылған маңызды үлес екенін атап өтті.