Семей қаласында еңбекқорлық пен табандылықтың нәтижесінде дамып келе жатқан Meirmi атты отбасылық кәсіп бар. Бүгінде жоба қаланың әртүрлі аудандарында орналасқан 6 бөлімнен тұрады. Мұнда жартылай дайын өнімдермен қатар, толық дайын тағамдар да өндіріледі.

Кәсіпорында шамамен 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әр қызметкердің міндеті нақты бөлінген: шикізатты дайындаудан бастап, дайын өнімді қаптауға дейінгі барлық үдеріс жүйелі әрі жауапкершілікпен атқарылады. Күн сайын Meirmi брендімен шамамен 3 000 дана дайын өнім және 150 келіге дейін жартылай фабрикат шығарылады.

Кәсіп иесі Айжан Ботбаева — өз ісіне адал, еңбекті басты құндылық санайтын жан.

Біз дәмді ғана емес, адам денсаулығына пайдалы өнім ұсынуға ұмтыламыз. Әрбір өнім өндірістің барлық кезеңінде қатаң бақылаудан өтеді. Жартылай фабрикаттар мен дайын тағамдар заманауи технологиялар арқылы дайындалады, — дейді ол.

Қазіргі таңда еңбек адамы ретінде өндірісті жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен кәсіпкер жеке өндірістік цех салуды жоспарлап отыр. Бұл өндіріс қуатын арттыруға, өнім түрлерін көбейтуге және автоматтандыру деңгейін көтеруге мүмкіндік бермек.

Айжан Ботбаеваның айтуынша, жобаның дамуына мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау аясында алынған грант елеулі ықпал еткен. Бұл қолдау құрал-жабдықтарды жаңартуға, өндірісті кеңейтуге және кәсіби мамандар командасын қалыптастыруға жол ашты.

Грант біз үшін үлкен демеу болды. Соның арқасында жұмыс үдерістерін жетілдіріп, болашаққа нақты жоспар құра алдық. Грант алғаннан кейін тұтынушыларымыз да, өнім ассортименті де айтарлықтай артты, — деп атап өтті кәсіпкер.

Алдағы уақытта Айжан Ботбаева жартылай фабрикаттар бағытын одан әрі дамытып, дайын тағамдардың жаңа санаттарын енгізуді, сондай-ақ көршілес өңірлерде сату желісін кеңейтуді көздеп отыр. Бұл — адал еңбек пен үздіксіз ізденістің нақты нәтижесі.