Қазақстанда қаржы тапшылығы туралы шағым жиі айтылғанымен, концерттерге, саяхаттарға және қымбат тұтынуға деген сұраныс азайған жоқ. Блогер Ербол Мандибек бұл қайшылықты күнделікті өмірден алынған нақты мысалдар арқылы талдайды.

Қоғамда «ақша жетпейді», «күнкөріс қиындап кетті» деген пікір жиі айтылады. Алайда күнделікті өмірдегі көріністер бұл тұжырымға әрдайым сәйкес келе бермейді. Осы тақырыпқа блогер Ербол Мандибек Facebook-тегі жеке парақшасында назар аударды.

Оның айтуынша, жай күндері тұрмыстың ауырлығын айтып шағынатындар аз емес. Бірақ қалаға бір әлемдік жұлдыз келе қалса, алпыс мың теңгелік концерт билеттері небәрі бірнеше секундта сатылып кетеді. Сұраныстың жоғары болғаны соншалық, билет сататын арнайы қосымшалар да халықтың көптігінен істен шығып жатады.

Осындайдан кейін өзімізді кедейміз деп айта аламыз ба? – деп жазады блогер.

Тағы бір мысал ретінде ол көлік нөмірін таңдап сатып алу мүмкіндігін беретін жаңа заңды келтіреді. Биылдан бастап күшіне енген бұл норма бойынша ең арзан нөмірдің өзі 42 мың теңгеден басталады. Соған қарамастан, арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек таңғы уақыттан басталып, көшеге дейін созылады. Автордың пайымынша, бұл да «елдің ақшасы жоқ» деген пікірмен қабыспайды.

Ербол Мандибек шетелдік демалыс орындарындағы жағдайды да мысалға келтіреді. Жуырда Вьетнамның Фукуок аралында қазақтың «қызыл өрігі» қойылып, туристер жиналатын орын бір сәтке Шымкенттегі мейрамханаға айналған. Онда би билеп, сауық құрғандардың басым бөлігі – қазақстандық туристер.

Ақша жоқ болса, Вьетнам, Дубай, Тайланд жағажайларын қалай толтырып жүрміз? - деген сауал қояды ол.

Блогердің жазуынша, автосалондар мен тұрғын үй сататын компаниялар шағын ғана акция жарияласа, кезек таңғы бестен басталады. Егер шынымен қаражат болмаса, мұндай кезектер де болмас еді.

Сонымен қатар ол ораза айы қарсаңындағы дағдыға да тоқталады. Ауызашар кезінде дастарханды аста-төк жасап, ысырапқа жол беру әдетке айналғанын айтады. Муфтияттың қасиетті айда ысырапшылдықтан тыйылуға шақырған үндеулері де көп жағдайда ескерусіз қалады. Автор мұның бәрі шынайы қажеттіліктен емес, мақтан үшін жасалатынын меңзейді.

Қорытындылай келе, Ербол Мандибек мәселе кедейлікте емес, адамдардың өз қалтасына қарамай өмір сүруінде деп есептейді. Той үшін, демалыс үшін, жаңа телефон алу үшін несиеге кіріп, мүмкіндігінен тыс өмір сүру кейін тағы да «ақша жоқ» деп шағынуға әкеледі.

Ақша жоқ емес, бар. Тек біз өтірік жылайтын сияқтымыз, – деп түйіндейді блогер.

Фото: Ербол Мандибектің Facebook жеке парақшасынан