Орталық Азияда экономикалық модельдер туралы пікірталас күшейіп келеді. Журналист әрі PR-маман Айбар Олжаевтың пікірінше, көрші елдер ұсынған «жаңа тәсілдердің» басым бөлігі Қазақстан бұрыннан өткен тәжірибеге сүйенеді.

Кейінгі уақытта Өзбекстан өзін жаңа экономикалық модель қалыптастырып отырған ел ретінде танытуға тырысып жүр. Халықаралық форумдарда серпінді даму, ашықтық, цифрландыру тақырыптары жиі көтеріледі. Алайда мәселенің түп-төркініне үңілсек, белгілі бір заңдылықты байқауға болады: Өзбекстан Қазақстан әлдеқашан жүріп өткен жолды қайталап келеді.

Бұл туралы журналист, PR-специалист Айбар Олжаев Facebook-тегі жеке парақшасында жазды. Оның пікірінше, бұл – қате емес, керісінше, қисынды таңдау. Себебі Қазақстан бүгінде ұлттық мүдделеріне сай келетін, теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырған мемлекетке айналды. Сонымен қатар ел әділетті әлемдік тәртіп қалыптастыру үдерісіне де өз үлесін қосып келеді.

Экономикалық көрсеткіштерге келсек, Өзбекстандағы ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны пайыздық тұрғыда жоғары көрінуі мүмкін. Алайда ресми статистиканы тереңірек талдағанда жағдай басқаша екені аңғарылады. Былтыр Өзбекстанның ІЖӨ-сі 7,7 пайызға өсіп, 147 миллиард долларды құраған. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 6,5 пайыз болғанымен, жалпы ішкі өнім көлемі 300 миллиард доллардан асты. Бұдан бөлек, жан басына шаққандағы табыс, еңбек өнімділігі, урбанизация деңгейі мен қаржы нарығының дамуы бойынша Қазақстан әзірге сенімді түрде алда келеді.

Цифрландыру саласында да ұқсас жағдай байқалады. Электронды үкімет пен цифрлы қызметтер жайлы көп айтылғанымен, Айбар Олжаевтың пайымынша, Өзбекстандағы цифрландыру әлі де әкімшілік бақылаудан толық арылған жоқ. Ал Қазақстанда бұл үдеріс қоғам мен бизнеске терең еніп, экожүйелік деңгейге жеткен. Тіпті, кейбір еуропалық елдерде қазақстандық онлайн және QR арқылы төлем жүйелеріне қызығушылықпен қарайды.

Автор атап өткендей, бұл жерде мәселе Өзбекстанды сынауда емес. Көрші елдің реформаларға ұмтылысы түсінікті әрі орынды. Алайда Қазақстан бұл кезеңдерден бұрын өткен. Бір кездері сыртқы имиджге, халықаралық рейтингтерге көбірек мән берсе, бүгінде басқару сапасы мен ұзақ мерзімді дамуға басымдық беріп отыр.

Осы себепті, Айбар Олжаевтың тұжырымы бойынша, Қазақстан қазір аймақтағы күн тәртібін қалыптастырып отырған елге айналды. Ал Өзбекстан осы бағытқа бейімделіп, Қазақстанның жүріп өткен жолын саралай отырып, даму үстіндегі мемлекет ретінде алға жылжып келеді.