Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілердің назарына 2026 жылғы 1 наурызға дейін арнайы салық режимін (АСР) таңдау қажеттігін хабарлайды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшу
2026 жылғы 1 наурыздан бастап 2025 жылы патент негізіндегі АСР-ды немесе арнайы мобильді қосымша арқылы АСР-ды қолданған жеке кәсіпкерлер салық органдарымен автоматты түрде жеке кәсіпкер ретінде есептен шығарылады.
Есептен шығару күні ретінде 2026 жылғы 1 қаңтар танылады.
Егер салық төлеуші басқа салық режимін таңдағаны туралы хабарлама ұсынған болса, автоматты түрде есептен шығару жүргізілмейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР-ды қолданудың басталу күні «e-Salyq Business» мобильді қосымшасында алғашқы чектің қалыптастырылған күні болып есептеледі.
Оңайлатылған декларация негізіндегі режимге көшу
Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ды қолдануды жоспарлаған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық режимі туралы хабарлама ұсынуы қажет.
Белгіленген мерзімге дейін хабарлама ұсынылмаған жағдайда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық төлеуші автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырылады.
Хабарламаны келесі тәсілдер арқылы ұсынуға болады:
- Салық төлеушінің кабинеті арқылы;
- «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы;
- орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына қағаз түрінде;
- банктердің мобильді қосымшалары арқылы.
Анықтама үшін: қазіргі уақытта аталған сервис екінші деңгейлі банктердің — Kaspi Bank, Банк ЦентрКредит және Халық Банк мобильді қосымшаларында қолжетімді.
Шаруа немесе фермер қожалықтары режиміне көшу
Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режимге көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық органдарымен автоматты түрде жүзеге асырылады және қосымша хабарлама беруді талап етпейді.
Департамент салық төлеушілерді салық режимін белгіленген мерзімге дейін уақытылы таңдауға шақырады.
Фото ЖИ Recraft


























