Абай облысында бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру және жоғары жетістіктер спортын қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда өңір тұрғындарының 42 пайызы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысады. Ал облыс спортшылары биылғы тоғыз айда халықаралық және республикалық жарыстарда 1262 медаль иеленген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақыт Бекбосынов хабарлады.
Бақыт Бекбосыновтың айтуынша, өңірде спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындар саны 238 895 адамды құрайды. Жоспарланған спорт нысандарын пайдалануға беру және бұқаралық спортты дамыту шараларының нәтижесінде бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 44 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Басқарма басшысының мәліметінше, қазіргі уақытта облыс аумағында 19 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар «Абайға құрмет» акциясы аясында Семей қаласында бірқатар ірі спорттық нысандар бой көтеруде.
«Абайға құрмет» акциясы аясында Ақтөбе облысының қолдауымен Жекпе-жек сарайы, Павлодар облысының қолдауымен Үстел теннисі орталығы салынып жатыр. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Инклюзивтік спорт сарайы және «KAZ Minerals» компаниясының қолдауымен стадион салу жобалары жүзеге асырылуда, — деді Бақыт Бекбосынов.
Сондай-ақ Семей қаласында «Freedom Holding» компаниясының қолдауымен жабық футбол манежінің құрылысы жүргізілуде.
Спикер биыл пайдалануға берілген спорт нысандарына да тоқталды. Атап айтқанда, Семей қаласының Бобровка және Водный кенттерінде спорт кешендері, Ақсуат ауданының Екпін және Ойшілік ауылдарында спорт модульдері ашылды. Бұдан бөлек, Ұшақтар ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Аягөз ауданының Қопа ауылында модульдік спорт залы пайдалануға берілді.
Басқарма басшысының айтуынша, облыстағы 26 спорт мекемесінде 15 783 спортшы жаттығады. Олардың 14 422-сі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде тәрбиеленуде. Спортшыларды даярлауға 762 жаттықтырушы жұмылдырылған.
2026 жылы Абай облысынан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасына 458 спортшы енді. Ал тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңір спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда барлығы 1262 медаль жеңіп алды. Оның ішінде халықаралық жарыстарда 167 медаль иеленді, — деді ол.
Спикер өңір спортшыларының халықаралық аренадағы жетістіктеріне де ерекше тоқталды. Жапонияның Нагоя қаласында өткен Азия ойындарында дзюдошы Ажар Асхат 70 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ Ерасыл Қажыбаев пен Ажар Асхат командалық жарыста күміс медаль иеленді.
Бұдан бөлек, Қытайда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында спорттық гимнастикадан Ульяна Пухова мен Саида Қасымжанова командалық есепте қола жүлдеге қол жеткізді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы аталған жарыста 28 жылдан кейін алғаш рет командалық есепте жүлдегер атанды.
Бақыт Бекбосыновтың мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 500-ге жуық аудандық және қалалық, 150 облыстық және 50-ге жуық республикалық спорттық іс-шара ұйымдастырылған.
Сонымен қатар жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылар мен жаттықтырушыларға қаржылай қолдау көрсетілуде.
Қазіргі таңда 28 спорт түрі бойынша жүлделі орындар иеленіп жүрген 162 спортшы мен 18 жаттықтырушыға ай сайынғы ақшалай төлем жүргізілуде. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржы көлемі 174 миллион теңгеден 362 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ 233 жаттықтырушы тестілеуден өтіп, лауазымдық жалақысының 30 пайызы мөлшерінде қосымша ақы алуда, — деді басқарма басшысы.
Сөз соңында спикер спорт саласын цифрландыру жұмыстарына тоқталды. Қазіргі уақытта Абай облысында «E-Sport» платформасын енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жоба спорт ұйымдарының жұмысын автоматтандыруға, спортшылар туралы мәліметтерді жүйелеуге және саланы басқару тиімділігін арттыруға бағытталған.


























